#qyzylordatv #тазақазақстан
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шиелі ауданында ілкімді істер атқырылып жатыр. Жыл басынан бері кент орталығында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше аллея салынып, көше бойында арнайы демалыс орындары бой түзеген. Ауданда атқарылған өзге де жобалар жайында тілшіміз тарқатады.
Кенттегі «Денсаулық» аллеясының пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бір аумақта орналасқан бірнеше медициналық нысанда ем алушылар мен жақын маңдағы тұрғындар үшін қалыптасқан қолайлы ортаға көпшілік дән риза. Қазір абаттандырылған аумақта арнайы орындықтар қойылып, жарықшамдар орнатылған.
Биыл Шиелі кентінде төрт көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, қазіргі таңда оның үшеуі аяқталуға жақын. Әр көшеге асфальт төселіп, аялдамалар және жаяу жүргіншілер жолы және жарықтандыру жұмысы жүруде. Мердігерлерге қойылған басты талап – сапалы жұмыстың болуы. Сондай-ақ аудандық аурухана алдындағы автотұрақ кеңейтіліп, халыққа қолайлы жағдай жасалуда. Аталған жұмыстарды «Ақнұр-Авто» ЖШС жүргізіп келеді.
«Руханият» орталығының ауласын көркейту бағытында тамшылатып суару жүйесімен газон егілген. Мұнан бөлек субұрқақ пен заманауи жарық шамдар орнатылып, орындықтар қойылған. Кенттің теріскей бетіндегі кіре беріс қақпасы да ажарлана түскен. Самара-Шымкент тас жолы мен Бекежанов көшесінің қиылысына шаңырақ тәріздес арка салынып, түнгі жарықтандырумен қамтылған. Бұл бағытттағы жұмыстар Ясауи мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында да жүзеге асырылыпты. ХҚКО ғимаратының алды абаттандырылып, автотұрақ, лазерлі әдіспен темір қоршаулар және декоротивті жарық бағаналары орналастырылған. Кенттің келбетін келісті ететін тірліктің бірі - ескі тұрғын үйлердің қасбетін әрлеу. Мәселен Яссауи және Есабыз көшелері бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Енді бұл тұрғын үйлер жаңаша кейіпке еніп, шатырына дейін ауыстырылып жатыр.
Ауқымды жұмыстың тағы бірі - №244 мектеп ауласында атқарылып отыр. Жоба құны 19 миллион теңгені құрайтын балалар ойын алаңын «Baikonyr Solar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік арқылы аудан тұрғындарына сыйға тартыпты. Мұндағы ойын және шағын жаттығу алаңының аумағы 364 шаршы метрді құрайды. 15-ке тарта түрлі спорттық жабдықтар орнатылып, сырты қоршалған.
Аудан әкімі кентті абаттандыру бағытында әлі де жобалар жетерлік деді. Ал осыған дейін қолға алынған әрбір жұмыстың сапалы орындалуын тікелей өз бақылауына алған.