#qyzylordatv

Қармақшы ауданына қарасты III Интернационал ауылдық округінде егінге алғашқы орақ түсті. Күзгі жиын-терім науқанына аудан әкімі Жандос Еркінбек пен еңбек ардагерлері қатысып, барша диқан қауымына сәттілік тіледі.

 Алқабында алтын дәні жайқалған ауылдық округте 3 200-ге жуық гектар күріш алқабы бар. Биыл егіннің шығымдылығы жақсы. Диқандар мол өнім алуға үмітті.

 Жалпы, Қармақшы ауданы бойынша күзгі дала жұмыстарына 497 техника жұмылдырылмақ. Астықты ауданда 25 457 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Себілген дәннің 12 993 гектары негізгі дақыл - күріш.

 Әсет Омаров - аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы

 Жаңа технологияларды қолданудың нәтижесінде «Болашақ» шаруа қожалығы вегетациялық кезеңді сәтті өткен. Алқаптар лазерлік құрылғымен тегістеліп, тың әдіс егіс алқабында суды үнемді пайдалануға және егіннің бітік шығуына сеп болыпты. Биыл шаруашылық күріштің әр гектарынан 75 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.

 Омар Исмаилов - тәжірибелі комбайншы. Бес жылдан бері егіс алқабында еңбек етіп жүр. Қимылы ширақ. Себебі оған астықты жауын-шашынға қалдырмай жинап алу міндеті жүктелген.

 Ауданда мал азығын дайындау бойынша 5 480 гектар жоңышқа орылып, 26,5 мың тонна өнім жиналған. 1 000 гектар жаздық бидай мен 130 гектар арпа дақылдары жиналып, 567,7 тонна бидай, 82 тонна арпа қамбаға құйылып отыр.