#qyzylordatv

Біздің бүгінгі әрбір ісіміз Қазақстанның ертеңінің қандай боларын болжауға мүмкіндік береді. Бүгін Ел Президенті «Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз», - деді Халыққа жолдауында. Осы ретте маңызды деген үш саланың өкілін жедел сұқбатқа тартқан тілші сюжетіне назар аударалық.

Асыраушы салада проблема барын білеміз. Әлі күнге дейін азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Мемлекет басшысы «ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бұл салада озық технологиялар тапшы»,- деді бүгінгі халыққа Жолдауында.

 Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтауы қажет. Яғни, агроөнеркәсіп кешені келер жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі тиіс... Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкіметке денсаулық сақтау саласын қайта қарауды тапсырды. 2026 жылы бұл салада ұлттық жоба жүзеге аспақ. Бұл ең алдымен ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Ауыл демекші, Қызылорда облысының шалғай елді мекендерінде бірнеше медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер ашылды.

Жаңа ұлттық жоба аясында елімізде 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Және бір проблема: бізде дәрігер тапшылығы бар. Ол мәселені шешу де №1-ші міндет боп тұр.

Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылмақ. Яғни, практикалық тұрғыда бұл өте тиімді болмақ. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Ақ халатттылар қатарының толығуына бұл жақсы мүмкіндік болмақ. Мемлекет басшысы осы Жолдауында логистика, инфорақұрылым, жол, жүк тасымалына ерекше тоқталды. Бүгінде облыс аумағында Қызылорда-Жезқазған автобаны, Сексеуіл-Бейнеу, Ақтөбеге бағытында жол құрылысы жүріп жатыр. Ақшаны алып, қалай болса солай жол салып кетуге болмайды. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтап, бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.

 Президент Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл жолда қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ деді. Түсіне білгендерге бұл елдік мүдде үшін жұмыс істемейтіндерге, парақорларға бұл қоғамда орын жоқ деген месседж.