#qyzylordatv

Президент кезекті Халыққа Жолдауында елге инвестиция тарту жүйесін толықтай жаңғыртуды тапсырды. Бұл ретте Қызылорда – инвестклимат бойынша қолайлы аймақ екенін және бір мәрте айғақтады. Өңірге жаңа инвестиция тартылатын болды. Қаладағы кәріз суды биологиялық тазартудан өткізетін станция жаңғыртуды қажет етеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен шет елдік компаниялар арасында бірқатар келіссіздөр жүріп, нәтижесінде ынтымақтастық меморандумы бекіді.

 Облыс әкімімен өткен іскерлік кездесуге қытайлық «Майжике Инвестмент Менеджмент», «Хуанрань Медикал», «Иньцзян Эко-Пром» компанияларының өкілдері қатысты. Шетелдік қонақтар бұған дейін қалыптасқан өзара сенім мен бірлескен жұмыстың нәтижесін ерекше атап өтіп, әрі қарай да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әзір екендерін айтты. Ал, аймақ басшысы қытайлық компаниялардың өкілдеріне 60-тан аса жобаны ұсынды. Соның ішінде, өңір экологиясын жақсартуға бағытталған бастамаларға басымдық берілді.

 Жиында көтерілген тағы бір тақырып кәріз суын кәдеге жарату мәселесі болды. Қаладағы лас суды биологиялық тазартудан өткізетін станция күніне 17 мың текше метр кәріз суын қайта өңдеуге қауқарлы. Енді, осы көрсеткішті 70 мыңға дейін көтеру жоспарланып отыр.

 Жиын қорытындысымен демеушілік қолдау көрсету бағытында облыс әкімдігі мен Қытайдың «Майжике Инвестмент Менеджмент» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар өңірде импортты алмастыруға бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға уағдаласты. Жоспарланған ынтымақтастық бірқатар стратегиялық саланы қамтиды. Атап айтқанда, экологиялық жобалар, құрылыс индустриясына қажетті материалдар шығару және медицина. Оның ішінде қаладағы кәріз суын биологиялық тазартатын станцияны қайта жаңғырту жобасы да бар.