#qyzylordatv

Қазалыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі өз мәресіне жетті. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін конкурсқа 24 жанұя қатысуға ниет білдірген. Арнайы комиссия мүшелерінің шешімімен үздік отбасылар іріктеліп, жеңімпаздар анықталды.

 Дәстүрлі байқау осымен он екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Ондағы мақсат аудандағы үлгілі жанұяларды дәріптеп қана қоймай, олардың өнегелі өмірін кейінгі жастарға кеңінен насихаттау.

 Конкурсқа қатысқан әулеттердің қай-қайсысы да, мерейлі отбасы деген атқа лайық. Сондықтан комиссия мүшелеріне жүлдегерлерді анықтау оңайға соқпады. Дегенмен үздік деп танылған төрт жанұя іріктеліп алынды. Сондай-ақ, байқауға қатысқан барлық отбасылар «Берекелі отбасы», «Зияткер отбасы», «Бақытты отбасы», «Үлгілі отбасы», «Өнерлі отбасы» сынды түрлі номинациялармен марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Ал, өмірі еңбекпен өрілген Қалиевтер жанұясы – «Ырысты отбасы» номинациясын иеленді.

 ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚАЛИЕВ – «ЫРЫСТЫ ОТБАСЫ» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ // Еңбек еттік кезінде. Совхозда кішкентайымнан бастап сол 17жасымнан бастап механизатор болдым. Механизатор болып жұмыс істегеніме 47жыл болды. Сонда савхозда жүріп осы ауданның алдын бергенім жоқ комбайннан. Екі рет 1-ші, 2-ші дәрежелі орден алдым. 1984ші жылы орталық комитеттен машина алдым, үкімет машина берді. 15тей бар ғой немерем, сосын шөбереден 1-2 бар енді. Шүкір жаман емеспіз, жақсымыз ғой өсіп өніп жатырмыз. Балдар бәрі жоғары білімді балдар. Енді өмірге келгеннен кейін балдарды өсіріп адам қылып ержеттіріп, немере шөбере сүйіп осы балдардың қызығын көру ғой адамның негізгі//

Жақсылықовтар - Жанқожа батыр ауылында тұрады. Бұл отбасы аудандық кезеңнің үшінші дәрежелі дипломымен марапатталды.

 Майдакөл ауылынан келген Бердалиевтер отбасы да марапат төрінен көрініп, екінші дәрежелі дипломға ие болды. Бұл әулеттің үлкені 91 жастағы Аймекен әжей. Кейуана ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, батасын берді.

 Сонымен шешуші сәт. І орын өркендеулік Балтөреевтер отбасына бұйырды. Ал, Әйтеке би кентінде тұратын ұстаздар династиясы «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы атанды. Отасқанына жарты ғасырдан аса уақыт өткен Берекет пен Марал Құмарбаевтар төрт бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған.

 БЕРЕКЕТ ҚҰМАРБАЕВ – «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ //Әйтеке би кентінде №266 мектеп лицейде бала болып кіріп, шал болып соған пенсияға шықтық. Жолдасым Айымбетова Марал екеуміз бірінші класстан бірге оқып, бірге жұмыс істеп, бір мектептен екеуміз бірге зейнетке шықтық. Қазір қасымда балаларым, немерелерім 4шөберем бар. Қазір отбасы кішкентай ғана отанымыздың бөлшегі ғой. Міне отбасымыз қандай болса біздің қоғамымыз отанымыз еліміз сондай болады. Отбасымызда отбасы құндылықтарын сақтап жүреміз. Ал енді құндылық дегеніміз не? Құндылық дегеніміз біздің ата бабамыздан бізге мирас етіп қалдырылған адалдыққа әділдікке жалпы жақсылыққа бағышталған әдет ғұрып салт дәстүрден тұратын өмір сүру ережесі. Біз осы ережемен өмір сүрсек, біздің қоғамымыз жақсы мықты отанымыз күшті болады//

Байқауда бас жүлде және бірінші иегері атанған, яғни Құмарбаевтар мен Балтөреевтер отбасы енді Қызылорда қаласында өтетін облыстық байқауға қатысады. Ал мерейлі жанұялар құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бүгінде Қазалы ауданында отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір ауданда 694 «Алтын алқа», 1152 «Күміс алқа» иегерлері, 3546 көпбалалы отбасы бар.