#qyzylordatv #заңментәртіп
Елімізде отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендерге жаза қатаң. Соған қарамастан Қызылордада соңғы 8 айда отбасылық жанжал мен ұрып-соғудың 800-ден аса дерегі тіркелген.
Бұрын әкімшілік іс саналатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары қазіргі таңда Қылмыстық кодекспен қаралады. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері фото-видео айғақтар мен көрші, туыстарының сөзіне сүйеніп те тергеу жүргізе алады. Өкінішке қарай, жаза қатаңдатылғанымен отбасылық дау-жанжалға қатысты арыз, шағым азаяр емес. Тіпті кісі өлімі тіркелген.
АЙГЕРІМ ЕРБОЛАТ – ҚПБ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ БАСТЫҒЫ // Атап айтатын болсақ, ҚР қылмыстық кодексінің 109-1-бабымен, ұрып соғу дерегімен 12 қылмыс, 108-1-бабымен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірумен 4 қылмыс, сонымен қатар, 106-2-бабымен денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірумен 1 қылмыс, 107-1-бабымен орташа зиян келтіру бойынша 6 қылмыс, 99-баптың 1-бөлігімен кісі өлтіру өкінішке орай тіркеліп отыр//
Қайтпек керек? Бүгінде, тұрмыстық зорлықтан зардап шеккендерге арналған орталықтар жұмыс істейді. Онда психологиялық және заңдық көмек көрсетіледі.
ЕРКІН СЫДЫҚ – ҚАЛАЛЫҚ ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ //Отбасын қолдау орталығында зардап шеккендерді кешенді қолдап отырамыз. Биыл ФСМ Соушэл бағдарламасы енгізілді. Бұрын қандай да бір отбасыға көмек көрсету үшін басқармалар бір-бірімізге хат жазып, жауап күтіп отырсақ, осы арқылы бәрі жылдам шешіледі. Бүгінде бізге 1200-дей адам көмекке жүгінді. Көбісі әлеуметтік мәселелермен келеді//
Тілші: Қоғамды сыздауықша солқылдатып тұрған тағы бір мәселе – ерте жүктілік. Қалада кәмелет жасқа толмай жатып жүкті болудың 2 оқиғасы тіркелген.
НҰРГҮЛ НАУШОВА – ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГЫ //екі дерек тіркелген. Ондайларды қауіпті жүктілік санатына жатқызамыз.. Жастарымыз ерте жыныстыққа түсіп әртүрлі асқынулар дамуы мүмкін. Ерте жүктілік болуы мүмкін. Қыз балаларда жыныстың толық дамымауынан жүктілігі де, босануы да асқынумен өтеді. Ондай кезде ерте жүктілігі бар қыздар медаборт жасатуы мүмкін. Ондай кезде де асқынулар болады. Соңы бедеулікке дейін әкелуі мүмкін//
Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін білім беру ұйымдарында арнайы ақпараттық сабақтар мен тренингтер ұйымдастырылып келеді. Мамандар бұл тақырыпты жасырмай, ашық талқылау керек дейді.
ҰЛЖАН ЖҰМАТАЙ – ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГЫ // Біздің орталықта арнайы симуляциялық кабинетіміз бар. Ол жерде муляждар орналасқан, сол жерде біз балалардың барлығына ашық түрде көрсетеміз. Бұрын бұл жағдайлардың барлығы анонимді түрде жүргізілетін. Қазір қоғамдық проблема болғандықтан бұл тақырыпты оқу орындарында ашық жүргізетін болдық. Ерте жүктіліктің алдын алуды ашық түрде жүргізіп келе жатырмыз. Мектептермен, колледждермен тікелей байланыста отырамыз//
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің бірден-бір жолы – оның алдын алу, қоғам болып жұмылып ондай теріс әрекетке жол бермеу. Осы орайда мемлекет басшысы Халыққа Жолдауында қоғамда «Заң және тәртіп» қағидасын түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс деді. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.