#qyzylordatv

Сыр өңірінде айтыскер ақын әрі ұстаз Ержеңіс Әбдінің алғашқы шығармашылық кеші өтті. "Анаға сағыныш" деп аталған шарада ақынның жаңа жыр жинақтарының тұсауы кесіліп, тыңдарман қауымға шығармашылық жолы таныстырылды.

Айтыстың аламанында талай топ жарған Ержеңіс Әбді бүгінде ұстаздықпен қатар шығармашылықты да қатар алып келеді. Ақын анадан ерте айырылған. Сондықтан жырларының өзегінде ана тақырыбы ерекше орын алады. Бұл кеште айтыстары мен термелері ғана емес, балаларға арналған өлеңдері мен есеп-жырлары да сахна төрінен орын алды. Өнер иесі өзінің оқушы кезінен бастап жазған жырларын да қайта жаңғыртып, көпшілікке ұсынды.

ЕРЖЕҢІС ӘБДІ – ҰСТАЗ,АЙТЫСКЕР АҚЫН // Білім саласында жүргеннен кейін балаларға арналған бірнеше есептерім, өлеңдерім болды. Оларды әлеуметтік желіде жазып бірнеше жинақтар шығардым, айтыс аламанында жүргеннен кейін, осы айтыста бірнеше достар таптым, елдің есінде қалған біраз айтыстарым жинақтарға еніп жатыр және осы жасыма дейін сонау оқушы кезімнен, студенттік кезімнен жазған өлеңдерім бар, солардың ішінен өзімше таңдамалы деп, іріктеп алған өлеңдерімді жинақтап, кітап қылып шығардым. Оны Анаға сағыныш деп атадым.

 Ержеңіс Тастыбайұлы математика сабағында оқушыларды есеп-өлеңдермен қызықтырып, қазақ математикасына ерекше жаңалық қоса білген ұстаз. Шығармашылық кешке оның әріптестері, достары мен жырсүйер қауым жиналды. Ал шәкірттері ұстазына арнаған өлеңдерін оқып, іс-шараның ажарын аша түсті.

ҒАЗИЗА ӘБІЛДА- ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН // Осы Сыр жастарының ішінде өзінің бір орны бар, айтысқа қатысып жүрген, айтыстан талай жүлде алып жүрген, өзінің мұғаілм деген мәртебелі мамандығына өте адал, өзінің шәкірттерінде өнерімен баулып жүрген мықты ұстаздың бірі. Енді қаншама өзге өңірлерден де келіп қонақтар қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Ержеңіс шығармашылығы қай тұрғыдан алып қарағанда өзінің бір биігін, ойып алаған орнын көрсетіп тұрады. Екі кітабының тұсауы кесілді, біреуі балалар шығармашылығына арналған, бірі өзінің жазба поэзиясы. Алар асуы әлі биік деп ойлаймын.

ЭЛЬМИРА САЙДАЛИЕВА - С.ТОЛЫБЕКОВ АТЫНДАҒЫ №3 IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ // Ержеңіс әріптесіміздің шығармашылық кеші өте жоғары деңгейде өтті, бұл кеш Анаға сағыныш пен басталып өн бойында сағынышқа толы Ержеңістің сезіміне толы , жыр шумақтары мен өрілген нағыз шығармашылық кеш болды.Өзінің баласына арнаған арнауымен ашылған кеш Анасына деген сағыныш пен жалғасса, әкесінің шығармашылығына арнаған әнімен аяқталды.

 "Анаға сағыныш" атты шығармашылық кеш Ержеңістің өмір жолы мен өнердегі қолтаңбасын айқындап берді. Кеш соңында ақынның «Батыр балапан» және «Анаға сағыныш» қос кітаптың тұсауы кесіліп, тыңдарман қауымға рухани серпіліс сыйлады.