Қызылөзек ауылының кіреберісіндегі «Қожақ» автомобиль көпірі қайта жаңғыртудан өтті. Жылдар бойы өткелді жөндеуден өткізуді сұрап жүрген ауыл тұрғындарының қуанышына қала әкімі Нұржан Ахатов ортақтасты.
«Қожақ» көпірі Қызылөзек ауылы мен Қараөзек ауылдық округін байланыстыратын өткел. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған көпірдің соңғы жылдары тозығы жетіп, қатынас қиындай түскен еді. Енді міне, мәселе шешімін тапты. Көпірдің ұзындығы 18, ені 9 метр. Екі жағына жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылған.
Салтанатты шарада көпір құрылысын жүргізген «N Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлеріне қала әкімінің алғыс хаты табысталды.
Соңғы жылдары Қызылөзек ауылының тұрмыстық әлеуеті артып келеді. Мәселен, биыл инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бюджеттің барлық көздерінен 1 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға ауылдың электр желілері мен көшелері қайта жаңғыртылып, түнгі жарық бағаналары орнатылуда. Сондай-ақ, ауыл халқының көгілдір отын игілігін көретін күн алыс емес. Ол үшін облыстық бюджеттен 26 млн теңге қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.