Елімізде Республика күнінің қайта тойланғанына биыл төртінші жыл. Бұл күн 1990 жылы Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты, яғни еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды. Тарихи құжат қабылданған тұста ел аумағының тұтастығы, қазақтың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздер бекітілді. Ел егемендігін сақтауда мемлекеттік рәміздердің орны айрықша. Осындай тағдыршешті кезеңде Сыр өңірінің тумасы, қоғам қайраткері Жандарбек Мәлібеков Елтаңба авторы ретінде тарихқа таспаланды.
Шынында туған жерге жанашырлық шынайы патриотизмнің көрінісі. Жандарбек Мәлібекұлы жасы сексеннің сеңгіріне шықса да туған ауылының өсіп-өркендеуіне атсалысып келеді. Туған жеріне арнайы ат басын бұрған сәтте жерлестерімен жүздесіп, жас буынның рухани тәрбиесіне де баса мән береді. «Есті естеліктерімен бөлісіп, егемендіктің ең құнды ұғым екенін ұғындырудан жалыққан емес»,- дейді тарих пәнінің мұғалімі.
Есімі елге мақтаныш қоғам қайраткеріне ауылдастарының құрметі де ерек. Бүгінде ауыл мектебіндегі шағын бұрыш еңбегімен ел жадында жатталған сырлы сәулетшінің өткені мен бүгінін байланыстырған тәрбие алаңына айналған. Өскелең ұрпақ қарапайым ғана қалпымен қазақ тарихында қолтаңбасын қалдырған Жандарбек Мәлібекұлының атына қанығып, еткен еңбегінен хабардар болады.
Жандарбек Мәлібеков бүгінде Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде ғылым жолындағы шәкірттерге дәріс беріп келеді. Қоғам қайраткерінің ел үшін атқарған еңбегі де елеусіз емес. Бірінші дәрежелі «Барыс» орденін иеленсе, туған топырағында ардақталып «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды.