Жаңа жылдан бастап еліміз жаңа салық кодексімен жұмыс жасайды. Бұл құжаттың мақсаты - салық жүйесін жетілдіріп, жаңа салық принциптерін қолданысқа енгізу. Осы және өзге де өзгерістер туралы Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов қызылордалық кәсіпкерлермен кездесу барысында айтып берді.

Әгәрәки көлігіңіздің құны 75 млн теңгеден асса, соның 10 пайызы мөлшерінде акциздік құн төлейсіз. Сондай-ақ, люкс сападағы шарап пен темекі бұйымдарыңыз болса да акциз салығы салынады. Сән-салтанатыңыз келісіп жатса, неге төлемеске?! Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіп иелерімен кездесу барысында салық есептіліктері 30 пайызға қысқаратынын, камералдық тексеру ескерту форматына ауысатынын, есепшоттар ендігі жерде аз-кем алашақ үшін автоматты түрде бұғатталмайтынын, қосымша құн салығының мөлшерлемесі өзгеретінін, басқа да салық салудағы ауыс-түйісті түсіндірді. Бизнеске бағытталған арнайы салық режиміне қатысты да айтып өтті

Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысынан жаңа салық кодексі бизнес иелері үшін қаншалықты оңтайлы болад деген тұрғыда пікір сұрадық. Вице-министрге сұрақ өте көп болды, ол түсінікті де. Сауалдардың барысы мен спикердің жауабын толыққанды түрде апта қорытындысы – «Үштаған» АСБ көрсететін боламыз. Кәсіп, есеп-қисап бар жерде тартыс пен берешек те қатар жүреді. Міне, сондай даулы, әсіресе сот процестеріндегі жағдайда кәсіпкерлер бір емес, бірнеше рет қалта қағуларына мәжбүр, - дейді жергілікті кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы

Вице-министрдің айтуынша, енгізілген жаңалықтар салық жүйесін оңтайландыруға, әлеуметтік салаға қолдау көрсетуге және экономиканың ашықтығына бағытталған. Сондықтан да әрбір азамат пен кәсіпкердің салықтық міндеттемелері келесі жылдан бастап қалай өзгеретінін ұғындыру мақсатында жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүруде. Яғни, еліміз жаңа жылдан бастап жаңа экономикалық саясатты басшылыққа алады деген сөз. Ал, оның тиімділігін уақыт көрсетеді.