#qyzylordatv
Теңіздің құрғаған ұлтанына 18 мың дана көшет егу жұмыстары басталды. Ауқымды жұмыс «Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» мен «Халықаралық Аралды құтқару қорының елдегі атқарушы дирекциясының бірлесуімен қолға алынып отыр. Биылғы меже 60 гектар жерді жасыл желекпен көмкеру. «Аралды сақта» деп аталатын экожобаға қор өкілдері мен экологтар, сондай-ақ еріктілер мен студенттер атсалысып, табиғи апат орнына ағаш отырғызды.
Арал теңізінің құрғаған ұлтаны шамамен 6 миллион гектарды құрайды. Оның 2 миллион 800 гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Одан жыл сайын 100 миллион тонна тұзды шаң ауаға көтеріліп, Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жетіп жатыр. Сондықтан жаһандық проблеманы шешу үшін мелиорациялық жұмыстарды жүйелі жүргізу керек. Осы мақсатта Арал теңізі табанының экожүйесін жақсартуға бағытталған экологиялық жоба іске қосылды. Бастаманың серіктестері қатарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Калифорния университеті және Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясы бар. Жобаны Болат Өтемұратов қоры жүзеге асырмақ.
СЕРІКҚАЛИ МҰҚАТАЕВ – «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫ» АТҚАРУШЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ / Осы жоба арқылы жаңа тәсіл арқылы сексеуіл егу жұмыстары жүргізіледі. Ол дегеніміз дронмен сексеуілдің түбінде арнайы копсула болады. Бізде ең үлкен проблема сексеуіл еккенде оның қаншасы өсіп шығады деген. Еккендердің аз пайызы ғана шығады. Сондықтан осы тәсіл арқылы ексек көбейеді. Біз 1 гектар аумақты арнайы соған бөлдік. Егер ол жақсы көрсеткіш болса әрі қарай 50 гектарға көбейте береміз.//
Пилоттық жоба Арал теңізінің құрғаған табанын ұзақ мерзімде жақсартуға және Берклилік ғалымдар әзірлеген инновациялық «E-seed» технологиясын сынақтан өткізуге бағытталған. Дрондардың көмегімен себілетін бұл технология тұқым мен егілген көшеттің сапасын жақсартады. Сондай-ақ, шығымдылығын да арттырады. Пилоттық сынақтың екінші кезеңі 2027 жылы өтпек.
СЕРІКҚАЛИ МҰҚАТАЕВ – «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫ» АТҚАРУШЫ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //Алғашқы нәтижесі де жаман емес. Біржағынан теңіздегі тұздылықты да азайтады. Ол жұмыс тоже ғылыми жұмыс. Біз осы айдың ортасында үш облыста үлкен семинар өткіземіз. Ол Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында. Сол жерге фермерлерді шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.//
Төрт сағатқа жуық шөлді жерде тынымсыз жұмыс істеген еріктілер жыл сайын мыңдаған гектар аумаққа сексеуіл отырғызатын орманшылардың еселі еңбегіне көз жеткізді.
АЙТУАР ҚАСЫМХАНОВ – СТУДЕНТ //Аударма: Арал теңізінің құрғаған табанына экспедиция жасау алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Біз бұны көріп те, естіп те жүрміз. Белсенді студенттер ретінде осы жобаны естіп, көзімізбен көруді ұйғардық. Міне, орманшылармен бірге сексеуіл көшеттері отырғызып, өз үлесімізді қосып жатырмыз. Өзім 20 түп көшет отырғыздым. Менің ойымша бұл іске барымыз атсалысуымыз қажет.//
Арал экологиясы бүгінде ел Президентінің назарында. Мемлекет басшысы 2021 жылы алдағы бес жылда теңіз ұлтанындағы 1 миллион 100 мың гектар жерге шөлге төзімді өсімдіктер егуді орманшыларға міндеттеді. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталуға жақын.