#qyzylordatv
Ілияс Қабылов атындағы №12 IT мектеп-лицейде «Цифрлық трансформация: химия және биология сабақтарында» тақырыбында облыстық семинар-практикум өтті.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасанды интеллект технологияларын білім беру саласына енгізуді тапсырған болатын. Ілияс Қабылов атындағы №12 ақпараттық технология мектеп-лицейде осы бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жаңашылдыққа бет бұрған педагогтер түрлі технологияларды пайдалана отырып, сабақ береді.
Мектеп-лицейде облыстық білім басқармасының қолдауымен химия-биологиялық талдау зертханасы ашылған. Мұнда оқушылар жетекшілерімен бірге соңғы үлгідегі құрылғыларды қолдана отырып, түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, 10-сынып оқушысы Мұхамедәли Беккулиев азық-түлік өнімдерінің сапасын анықтап, тәжірибе жасап көрсетті.
Оқушылар мұнан бөлек экологиялық таза өнімдер шығарып, тұтынушыларға ұсынуда. Қолданылған күнбағыс майын қайта өңдеп, сусабын алса, жемістерді кептіріп, тіскебасар дайындайды. Ал, күріш ұнынан ешқандай химиялық қоспасыз, теріге жақсы әсер ететін қарапайым сабын шығаруда.
Қала және аудандардан келген химия, биология пәнінің мұғалімдері зертхана жұмысымен танысып, ашық сабақтарға қатысты. Өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін жетілдірді.
Семинар қонақтары мұнан соң «Эмоционалды интеллектінің маңызы» тақырыбындағы тренингке қатысты. Шара соңында мұғалімдер өздерінің ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.