#qyzylordatv

Қызылорда облысының делегациясы Швейцарияға жұмыс сапары аясында Лауфен қаласына барып, санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін «Laufen Bathrooms AG» компаниясының даму жөніндегі директоры Фрэнк Либетраумен кездесті. Сондай-ақ, аталмыш қаладағы керамика зауытының қызметімен де танысты.

 Laufen Bathrooms AG – Roca Group халықаралық компаниясының еншілес құрылымы. Бүгінде Сыр өңірінде Roca Group компаниясымен бірлесіп, санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісін салу жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 70 млн еуро. Өндірісті орналастыру үшін индустриялық аймақтан 20 гектар жер телімі бөлінді. Онда инженерлік инфрақұрылымдық жүйелері толық қамтылған. Зауыт іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 500 мың санитарлық-техникалық өнім шығару жоспарланған. Кездесуде тараптар өңір мамандарын «Laufen» компаниясының өндірістік алаңдарында тағылымдамадан өткізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ, делегация «Laufen Forum» көрме орталығында және кран өндірісінде болып, инновациялық шешімдерімен танысты.