#qyzylordatv
Қызылордада №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жанынан «Ерте қолдау кабинеті» ашылды. Бұл бастама инклюзивті білім беруді дамыту және балалардың ерте дамуына қолдау көрсету жүйесін жетілдіруде маңызды қадам болмақ.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ерте қолдауды қажет ететін балалар саны артқан. Бұл қиындықты жеңуде ата-анамен қатар арнайы түзету орталықтары мамандарының еңбегі ерекше. «Алғашқы қадам. Баланың дамуындағы бірінші 1000 күн» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде қатысушылар баланың дамуын ерте анықтау мен қолдау қызметтерін ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылады.
Мұнан соң қонақтар «Ерте қолдау кабинетінің» ашылуына куә болды. Мақсат - 3 жасқа дейінгі балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау, ата-аналарға уақытылы көмек көрсету, кешенді қолдау жүйесін ұйымдастыру және мамандардың командалық өзара іс-қимылын жолға қою.
Игі бастамаға облыстық білім басқармасы қолдау көрсеткен. Осы арқылы балалардың дамуындағы қиындықтарды ерте анықтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мамандары ата-аналарды үй жағдайында баланы дамыту тәсілдерімен қамтамасыз етеді. Айта кетейік, ерте қолдау кабинетіне қажетті қызметкерлер арнайы оқу даярлығынан өтпек.