#qyzylordatv
Елімізде ішектің қабыну аурулары жиілеп барады. Оған қоса осы дертке шалдыққан балалар мен жасөспірімдер көп. Бұл жөнінде көпбейінді қалалық ауруханада «Клиникалық гастроэнтерологиядағы диагностика мен емдеудің заманауи стратегиялары» тақырыбында өткен конференцияда айтылды.
Ішектің қабыну аурулары аутоиммундық дертке жатады. Ұзақ стресс, әртүрлі вирустық инфекциялар мен зиянды тағам түрлерін жиі пайдалану бұл аурудың өсуіне әкеліп отыр. Әсіресе, аталған дертпен көбіне жасөспірімдер шағымданатын көрінеді. Сондықтан дұрыс қойылған диагноз – тиімді емнің бастауы дейді, дәрігерлер. Осыған байланысты Алматы қаласындағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты бірқатар жаңа технологияларды енгізген.
Конференцияда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлер мен хирургтерге және эндоскопистер мен ревматолог мамандарға заманауи диагностикалық және емдік тәсілдерді көрсету мен үйрету тақырыбында дәріс оқылды. Ал, екінші күні эндоскопиялық операцияның жоғары техникалық дәлдікпен жасалатын заманауи әдістері көрсетілді.
Одан бөлек институт мамандары тоқ ішек пен аш ішекті жіті тексеру, емдеу мүмкіндігін арттыратын баллондық дилатация мен энтероскопия құрылғысын да игерген. Бұл технология ауруды түп тамырымен жоймаса да, асқынуды тоқтатып, толыққанды өмір сүруге жол ашады. Ал, ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шара медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.
МИРА ИЗЕНОВА – ЖОҒАРЫ САНАТТЫ ГАСТРОЭНТЕРОЛОГ-ГЕПАТОЛОГ //Аударма: Конференцияның мақсаты – жас мамандарға гастроэнтерология саласындағы заманауи диагностикалық және емдік тәсілдері көрсету және үйрету. Себебі, өңірдегі барлық дәрігерлер Астана мен Алматы қалаларында өтетін халықаралық конференцияларға қатыса алмай жатады. Сондықтан арнайы мамандар осында келіп, үйретуді жөн санады. Бірінші күні Алматы қаласының жетекші мамандары мен ресейден онлайн форматта қосылған әріптестер дәріс оқып, мамандарға бар білгендерімен бөлісті. Тәжірибе алысу бағытында ұйымдастырылатын мұндай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыру қажет.//
Айта кетейік, елімізде ішектің қабыну аурулары аса қауіпті болғаНдықтан науқастар мемлекеттік қаражат арқылы тегін емделеді.