#qyzylordatv
Қызылорда медициналық жоғары колледжі соңғы жылдары іскерлік ынтымақтастық бағытына баса мән беріп келеді. Оқытушылар мен студенттер шетелдік оқу орындарында білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуда. Колледж халықаралық байланысты нығайтып қана қоймай, медицина саласы бойынша жаңашылдықтарды өндіріске енгізуге атсалысуда.
Қызылорда медициналық жоғары колледжі академиялық ұтқырлық орнату бойынша Талдықорған медициналық жоғары колледжімен меморандумға қол қойған. Сондай-ақ «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі» мамандығында оқитын 30 бітіруші Солтүстік облыстарда дипломалды практикадан өтсе, «Фармация» мамандығын бітіруші 6 студент Алматы қаласындағы Ботаникалық бақта тәжірибесін арттырыпты. Білім ордасы халықаралық деңгейдегі байланысты артыруға да мән беріп келеді. Мәселен өткен оқу жылында алғаш рет колледж студенттері шет елдерде білімін жетілдіруге мүмкіндік алған. 12 студент Стамбул қаласының «Medicana» клиникасында 1 айлық оқу-өндірістік практикасынан өткен. Студенттерді іріктеу талаптары да ерекше. Олардың білім көрсеткіші мен тілді меңгеру деңгейі де назарға алынады.
Латвиядағы Рига медициналық колледжімен де әріптестік байланыс беки түскен. Былтыр бастау алған келісім аясында студенттерді екі ай Рига медициналық колледжінде оқытуға мүмкіндік туып отыр.
ДАМИР ОРЫНБАСАРОВ – СТУДЕНТ
//Біз Латвияға тәжірибе алмасу мақсатында барды. Өзіміз үшін өте көп қажетті білімді алдық деп айтуға болады. Маған жаңалық ретінде «САD CAM» жүйесі мен протез дайындаудың цифрлық нұсқасы болды. Болашақ хирург ретінде ол жақтағы импланталогия саласы да қызықтырды. Мен ол жақта тек тәжірибе мен білім ғана үйреніп келген жоқпын. Мәдениетті, адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы секілді адами құндылықтарды да меңгердім десем болады.//
Академиялық ұтқырлық бойынша Стамбул мен Ригада болған жастар студенттермен кездесіп, пікір алмасты. Колледж басшылығы бұл бастама әлі де жалғасатынын жеткізді. «Әрі халықаралық байланыс ауқымын да кеңейту жоспарда»,- дейді.