#qyzylordatv
Түрлі саланың тізгінін ұстап, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандар «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты ауыл әйелдерінің форумында бас қосты. Жиында үй мен түздің тірлігін қатар алып жүрген қыз-келіншектер өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, өзара пікір алмасты.
Үйдің берекесі, шаңырақтың шаттығы саналатын әйел-аналар отбасы құндылығын сақтап қана қоймай ұлттың ұйытқысы, халықтың үні ретінде еліміздің дамуына айрықша атсалысып жүр. Мәселен, аймақтағы медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйел болса, педагогтардың сексен пайызға жуығы нәзік жандар. Бизнес ашып, кәсіпкерлікпен айналысып отырған аналар да аз емес. Солардың бірі Алтын Нұртаева. Қырық жыл ұстаздық етіп, зейнетке шыққан білім саласының ардагері қазір тігіншілікпен айналысып жүр. Ісмер ана өзінің қолынан шыққан бұйымдарын «CREATIVE CARAVAN» көрмесінде көпшілік назарына ұсынды.
АЛТЫН НҰРТАЕВА, ТІГІНШІ \Өзімнің бес балам бар. 15 немерем, 2 шөберем бар. Солар келген кезде ұстатып жіберемін. Қытайдың ойыншығынан гөрі пайдалы. Біздің балалар түйені де, ботаны да білмейді соған мыналарды тігіп жатырмын. Торсық мынау ішінде ыдысы бар. Сол ыдысқа айран, қымыз құйып береміз. Анамнан, әжемнен үйренгенімді пайдаланып жатырмын\
Форум – ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлін нығайтып, көшбасшылық, іскерлік қабілетін дамытуға және үздік тәжірибелерді енгізуге арналған пікір алмасу алаңы. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Әйгерім Сәрсенбаева қатысып, кәсіпкер әйелдерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Форумға көршілес Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласынан арнайы делегеттар келіп қатысты. Түрлі саланың тізгінін ұстап жүрген қыз-келіншектер сахна мінберіне шығып, өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, ақтөбелік Кәмшат Төлеуова әке аманатын арқалап, ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысуда. Әрине, төрт түлікті түлету бұрымдылар үшін оңай емес. Кәмшат дегенмен кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мал басын асылдандыруды қолға алуда.
КӘМШАТ ТӨЛЕУОВА, ШАРУАШЫЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ \4 мың бас қойды арендаға беріп бастадық. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы басталғанда сиырды беріп бастадық 120 бас ірі қара. 10 бастан ауылдағы АСП алатын адамдарға бергенбіз. Қазір үкімет тарапынан жақсы бағдарламалар бар жұмыс жасаймын деген адамға. Әйел адам болсын, ер адам болсын. Атам қазақ айтып кеткен «мал өсірсең қой өсір» деп. Сол қойдың соңында жүрміз\
Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауылының тұрғыны Ләззат Сейткереева да кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Ол қой жүнін өңдеп, көрпе, жастық, киім тігеді.
Ал, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева мемлекеттік қызмет саласындағы қыз-келіншектердің рөлі туралы сөз қозғады. Форум делегаттары мұнан соң облыс орталығында жаңадан бой көтерген бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.