#qyzylordatv
Қазақстан Эстония порттары арқылы Еуропаға астық экспортын арттырмақ. Балтық теңізіндегі айлақтар жеңілдікпен қызмет ұсынады. Астанада екі ел президенттері сауда-саттықты арттыру мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы Эстонияны Еуропа Одағындағы сенімді серіктесі деп атады. Ал, Алар Карис Қазақстанды Орталық Азиядағы басты экономикалық әріптесі екенін атап өтті. Балтық елінің бизнесмендері біздің елге инвестиция көлемін арттыруға әзір. Сонымен қатар қос ел білім саласындағы байланысты да арттырмақ.
Ақорда. Қарбаласқа толы болған өткен аптадағы саяси шаралар осы жұмада да жалғасты. Бұл жолы мейманды біз күтіп жатырмыз. Салтанатты рәсім қарсаңында делегация мүшелері суретке түсіп, министрлер бағдарламамен мұқият танысып жатыр. Әрбір деталь маңызды.
Эстония Президентін ресми Астана сый-құрметпен қарсы алды.
Эстония Балтық теңізінің жағалауындағы шағын ел. Халық саны 1 млн 300 мыңнан сәл асады. Кезінде КСРО құрамында, бір ту астында өмір сүрдік. Империя ыдыраған соң өзіндік даму жолына түсіп, посткеңестік елдердің ішінде бай қуатты мемлекеттердің көш басында тұр. Қазір Еуроодақтың мүшесі. Экономикасы қызмет көрсету мен өндіріске арқа сүйейді.
АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭСТОНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ \Цифрландыру бойынша олар стартаптан адам басына шаққанда бірінші орында тұр. Оннан астам единорог компаниясы бар. Солардың біреуі Қазақстанға кіріп жатыр. + Жасанды интеллект дамығалы бері AI lip деген бағдарламаны іске асырып жатыр. Оларда біз үшін қызық.
Екі ел арасынада қазір алыс-беріс көп емес. Биылғы 9 айда 46 млн долларға сауда жасалды. Тараптар соны еселеуге мүдделі. Алар Карис елордаға үлкен делегация ерте келген. Министрлер мен бизнесмендер, жоғары оқу орындарының басшылары бар. 2005 жылдан бері Балтық елінің Қазақстанға құйған қаржысы 128 миллион доллардан асты. Қазір елімізде 80-нен астам эстониялық компания жұмыс істеп жатыр. Олар инвестиция көлемін арттыруға әзір.
Қазақстан Еуропаға ірі астық жеткізуші. Қазіргі геосаяси ахуалға байланысты логистикалық бағыттарды әртараптандыру маңызды. Биыл Балтық теңізіндегі порттар арқылы еліміз 200 мың тонна дәнді-дақыл тасымалдаған. Оның негізгі бөлігі Италия мен Бельгияға жеткізілді. Алдағы уақытта Эстония арқылы тасымалды 10 есе көбейту жоспарланып отыр.
Қазақстан Эстония мектептерінің тәжірибесін меңгермек. Орта білім беру бойынша бұл ел әлемде үздік үштікке кіреді. Білікті мамандары Астанаға келіп, семинарлар өткізіп жатыр. Ал жоғары білім саласында Балтық мемлекетінің 6 іргелі университетімен келісім жасалды. Енді ғалымдар «Болашақ» бағдарламасы бойынша осы оқу ордаларында тағылымдамадан өте алады.
Президенттің сөзінше Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты жолға қойған. Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас. Келіссөздер қорытындысы бойынша қос тарап оннан аса құжатқа қол қойды.