#qyzylordatv
Жаңақорғанда автоматты газ тарату станциясы іске қосылды. Жаңа нысан арқылы ауданның Сыр беткейіндегі 8 елді мекенді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Тұрғындардың көптен күткен қуанышына аймақ басшысы ортақтасып, жұртшылықпен жүздесті. Оңтүстік аудандағы байырқалы бастама турасында тілшіміз сабақтайды.
Табиғи газ талайдың талайғы тілеуі. Сондықтан соңғы 3 жылда аймақта осы шаруаға баса назар аударылып келеді. Бүгінде өңірді газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті. Бірақ Жаңақорғанның үлесі сәл төмен. Әсіресе, шеткері елді мекен тұрғындары үшін отын жарып, күл шығару машақатынан құтылу алыстағы арман. Енді елдің арманы ақиқатқа айналар күн жақын. Жаңадан бой көтерген автоматты газ тарату станциясы 12 мыңға жуық тұрғынның мәселесін шешуге қауқарлы.
Жұртшылықпен жүздескен аймақ басшысы жаңа нысанның аудан инфрақұрылымына қосатын үлесін баяндап, өңірдегі өркенді бастамаларға тоқталды.
Жаңақорғанда осыдан 10 жыл бұрын осындай станция іске қосылған еді. Бүгінде аталмыш нысан 45 мыңға жуық тұрғынның кәдесіне жарап тұр. Ал жаңа кешеннің қуаттылығы одан 2 есе жоғары. Демек, ауданның Сыр беткейіндегі 8 елді мекенді көгілдір отынмен қамтуға жол ашылып отыр.