#qyzylordatv

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жылыжайында 80-ге жуық дәрілік өсімдікке күтім жасалады. Білім ордасының студенттері халықаралық сарапшылардан тәлім алып, тәжірибесі толыға түсуде. Сондай-ақ колледжде стамотолог мамандарға ерекше шеберхана жасақталған. Оқу орнының бүгінгі жай-күйі туралы тілші бейнематериалында толығырақ.

 Жасыл дәріхана. Осындай атаумен Қызылорда медициналық жоғары колледжінде жылыжай жұмыс істеп келеді. Сексенге жуық дәрілік өсімдікке күтім жасалатын жылыжай демеушілер есебінен салынған. Алматыдағы ботаникалық бақтан әкелінген түрлі өсімдіктерді студенттер баптап, алғашқы дәрілік өнімдерді де шығара бастаған.

 Колледж басшылығы бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын кеңейтпек. Ол үшін Шымкенттегі фармацевтикалық зауытпен меморандумға қол қойылған. Енді студенттер зауыт базасында өндірістік тәжірибеден өтеді.

Колледжде 2600-ден астам студент білім алады. Бүгінде оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңарған. Білім алушылар үшін теория мен тәжірибені тең жағдайда меңгеруге мүмкіндік бар. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынып, заманауи компьютерлік сыныптар ашылған. Студенттер тапсырманы экран арқылы және тәжірибе негізінде қатар орындай алады.

Колледж студенттері өндірістік тәжірибесін Түркия, Латвия секілді елдерде өткізуге мүмкіндік алса, оқытушыларға да әріптестік аясы кеңейген. Латвиядағы Рига университеті, Швециядағы Лунд университетінің ғалымдары мен Германия, Түркия және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері шеберлік дәрістерін өткізіп, халықаралық байланыс нығайған.

ЖАНАР ҚАЛМАҚОВА - ҚЫЗЫЛОРДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

/ Швеция, Германия, Ресейден халықаралық эксперттер келіп...///

Соңғы екі жылда оқытушылар халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалардан 130-дан астам жүлде иеленсе, былтыр колледж оқытушыларының авторлығымен 6 оқулық баспадан шыққан. Ал кітапхана қорын толықтыруға 16 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

 Ұжым басшысы колледжді халықаралық аккредитациядан өткізіп, ағылшын тілін меңгерген оқытушылар мен оқу топтарының үлесін арттыруға күш салмақ. Сондай-ақ оқу ғимараттарын күрделі жөндеу де жоспардағы іс.