#qyzylordatv

Қарашаның 27-сі күні Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз МС-28" пилоттық кемесі бар зымыран-тасығыш сәтті ұшырылды.

 Зымыранның ұшырылуы штаттық режимде өтті. Ол Халықаралық ғарыш станциясына сапарлаған үш ғарышкерді орбитаға алып шығып, станциямен сәтті түйісіп үлгерді. Үш адамнан тұратын экипаж құрамында NASA ғарышкері де бар. Қазіргі таңда экипаж мүшелерінің жағдайы жақсы. Экспедиция ғарыш станциясында 242 тәулік болады. Осы уақыт аралығында ғарышкерлер екі мәрте ашық ғарышқа шығуы тиіс.

    Ал зымыранның бірінші сатыдағы бөліктері Ұлытау облысындағы арнайы белгіленген аймаққа құлағаны мәлімделді. Қазақстан және Ресей экологтары мен «Роскосмос» өкілдері жергілікті жерде тексеріс жүргізіп жатыр. Алғашқы дерек бойынша, зымыран бөлшектері экологияға зиян келтірмеген.

 Айта кету керек, «Роскосмос» зымыран ұшырылғаннан кейін Байқоңырдағы старт үстелінің бірнеше элементі зақымданғанын растады. Агенттік мұндай жағдай әлемдік тәжірибеде кездесетінін, сондықтан әр ұшырымнан кейін міндетті техникалық тексеріс жүргізілетінін атап өтті.