#qyzylordatv

Астана–Алматы бағытындағы таңғы рейсте жолаушының денсаулығы күрт нашарлап, оған ұшақта отырған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова көмектесті.

Белгілі болғандай, ұшақ ұшу жолағына бет алған сәтте қыздың жағдайы кенет нашарлап, қан қысымы көтеріліп, жүрегі айни бастаған. Көмек сұраған дауысты естіген сәтте бортта отырған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дереу қол ұшын созып, алғашқы көмекті көрсеткен. «Ұшақ толық көтерілуге дайындалмай тұрып-ақ жолаушының есін жиғызды», – дейді оқиғаға куә болған жолаушылар. Қыздың жанында отырған құрбысы да қолдау көрсетті. Министрдің тәжірибесі мен кәсіби әрекетінің арқасында жолаушының жағдайы біртіндеп тұрақталған. Жолаушылар көмек көрсеткен әйелдің министр екенін кейін білген.

Рейс жолаушылары жағдайдың сәтті аяқталуына Ақмарал Әлназарованың жедел шешімі мен кәсібилігі себеп болды деп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі де болған оқиғаны растады.