#qyzylordatv

Шиелі ауданында «Әйелдер бастамасы – қоғам дамуы» тақырыбында аудандық әйелдер форумы өтті. Жиында отбасы құндылығын сақтау, ұрпақ тәрбиесі, қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғалып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Ауданның әлеуметтік, экономикалық және демографиялық дамуына үлес қосып жүрген көпбалалы аналар мен іскер әйелер марапатталды.

 Бүгінде ауданда 86 мыңнан астам тұрғын болса, оның 55 пайызға жуығын әйелдер құрайды. Шиелілік қыз-келіншектер отбасының ұйытқысы ғана емес, ел басқару, кәсіпкерлік, әлеуметтік және қоғамдық салаларда жұмыс істеп, ауданның өсіп өркендеуіне үлес қосып келеді. Солардың бірі - Мая Қалжанова. Он саусағынан өнер тамған ісмер келіншек қазақтың көмескіленіп бара жатқан алаша тоқу дәстүрін қайта жаңғыртып, ұлттық құндылығымызды ұлықтап жүр. Оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары елімізбен қатар шетелдіктердің де сұранысына ие.

 Шиеліден шыққан 41 Социалистік Еңбек Ерінің бесеуі әйел. Олар Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспанбетова, Заһира Ержанова, Айша Меңлібаева. Адал еңбегімен есімі елге танылған аналардың жолын бүгінде белсенді жастар жалғап келеді. Мәселен, Әйгерім Балтабаева мал бордақылап, аудан халқын ет өнімдерімен қамтып отыр. Форумда сөз алған іскер әйел өзінің кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне тоқталды.

 Жиында аудандық әйелдер кеңесінің жыл бойы атқарған жұмыстарының есебі берілді. Сондай-ақ отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы айтылды.

 Ал, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков көпбалалы және бизнеске бет бұрған әйелдерге көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтты. Форум соңында түрлі салада қызмет істеп жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді.