#qyzylordatv

Жұмысшы мамандықтар жылына орай Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» және «Тау-кен металлургия» салалары бойынша білім алатын студенттер арасында «Тау-кен өндірісіндегі инновациялар және жас мамандардың рөлі» атты республикалық сайыс өтті. Тілшіміз Дәулет Сағиттың бейнематериалында толығырақ.

 «Тау-кен ісі мен металлургия» және «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» салалары бойынша білім алатын студенттердің кәсіби құзіреттілігін арттырып, заманауи технологияларды меңгеру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Семей қаласынан 9 команда қатысты. Қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Олар алғашқы кезеңде еліміздің географиялық картасы бейнеленген арнайы парақтан пайдалы қазба кен орындарының орналасу аймағын анықтады. Ал, екінші кезеңде студенттер 10 минуттың ішінде бұрғылаудың толық ауқымды тренажерінде тәжірибелік тапсырманы орындады. Қатысушылардың арасынан семейлік геологиялық барлау колледжінің студенттері тапсырманы берілген уақыттан ерте бітіріп, алға шықты.

  Шешуші кезеңде сайысқа қатысушылар «ЗИФ-1200» бұрғылау қондырғысы арқылы 28 метр тереңдікке арнайы құбырды түсіріп, мұнай қабаттарының құрылысын зерттеді. Берілген уақыт – 20 минут. Әр командадан тек екі студент қана қатысуға мүмкіндік алады. Ауыр техникамен сынға түскен қатысушылар барын салды.

 Сонымен қатар, колледж студенттері дөңгелекті экскаватормен арнайы белгіленген орынды бір метр тереңдікке дейін қазу тапсырмасын орындады. Бұл – техника тілін тереңінен меңгеру үшін керек, дейді мамандар.

 Сайыс қорытындысында «Тау-кен ісі мен металлургия» саласы бойынша бірінші орынды Жамбыл облысынан келген Жаңатас көпсалалы колледжі иеленді. Ал, жүлделі екінші орын ақтөбелік Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжінің студенттеріне бұйырса, үздік үштікті Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі еншіледі. Сондай-ақ, «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» саласы бойынша бірінші орынға Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінен құрылған команда лайық деп танылса, семейлік Геологиялық барлау колледжінің студенттері екінші орынға тұрақтады. Ал Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі үшінші орынды қанжығасына байлады. Республикалық сайыс арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі жұмысшы мамандықтарды даярлайтын колледж ұжымдары әлеуметтік байланысты нығайтып, тәжірибе алмасты.