#qyzylordatv
Жыл үздіктері анықталған ерекше жоба. Облыс орталығында «Qyzylorda» телеарнасының бастамасымен биыл алғаш рет «Жыл таңдауы – 2025» телевизиялық байқауы ұйымдастырылды. Әр саланың үздіктері көрермен таңдауымен анықталған сайыстың салтанатты кеші Өнер орталығында кең көлемде өтті. Сонымен, жыл бойғы жетістік екшелген дүбірлі дода жеңімпаздары кімдер болды екен? Әріптесім Елжас Әбділда рет-ретімен баяндасын.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ /«Қызылорда» телеарнасының жыл таңдауы премиясы биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Десе де ә дегеннен ауқымы кең. 14 аталым бойынша 56 үміткер бақ сынап, көрермендердің тікелей таңдауымен үздіктер анықталып отыр. Ал кіл жүйріктің ішінде кім жүйрік атанғанын санаулы сәттен соң білеміз. Жеңімпаздарға мынадай арнайы статуетка табысталмақ/
Жарық, камера, мотор. «Жыл таңдауы» салтанатты кеші қатардағы шара емес. Телевизиялық байқау болғандықтан барлығы жоғары деңгейде болуы тиіс. Осыны ескерген арна ұжымы тыңғылықты дайындық жүргізіп, аймақтар арасында алғаш рет осындай батыл қадамға барып отыр. Мақсат, ысқырығымен жер жармай-ақ, ынталы ісімен қоғамды сәулелендіріп жүрген жандарды дәріптеу.
Жалпы, «Жыл таңдауы» телевизиялық байқауы 14 аталым бойынша ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстық телеарнаның алғашқы басшысы Жақсылық Бекқожаев атындағы арнайы жүлде де қарастырылған. Әуелі комиссия мүшелерінің ұйғарымымен жыл бойғы жетістігіне қарай әр саладан 4 үміткерден таңдалды. Содан соң шорт-листке енген 56 қатысушының ішінен ең үздігін анықтау көрерменнің ықтиярына берілген. Яғни, желтоқсан айының 4-і мен 12-і аралығында арнайы сайт арқылы өңір жұртшылығы қалаған үміткеріне дауыс беріп, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды.
Шорт-листке енген 56 үміткердің осалы жоқ. Барлығы өз саласында дараланған дарындар. Дейтұрғанмен сайыс болған жерде, жеңімпаз біреу. Екі миллионнан астам көшет егіп, туған жерін жасыл желекке айналдырған Бектай ақсақал бір ауыздан жылдың еңбек адамы атанды. Ал, грек-рим күресінен қазақ елі 26 жыл күткен жүлдені қоржынға салған Айдос Сұлтанғали «Жыл спортшысы» номинациясын иеленсе, оқушыларға қиын есепті оңай шешуді үйретудің жолын тапқан ақын-ұстаз Ержеңіс Әбді «Жыл мұғалімі» аталымына лайық деп танылды.
Ең қызығы, «Жыл өнерпазы» номинациясының жеңімпазы екеу. Өнер әлеміне қатар қадам басып, сауатты сөз бен әуезді әннің сақшысы болып жүрген Әлфараби Бекарысұлы мен Үкітай Ерниязовқа осы жүлде бірге берілді.
Салтанатты кеште әр саланың үздіктерімен қоса, атымтайлығымен айналасына жарық беріп жүрген жандарға да құрмет көрсетілді. Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылының гүлденуіне сүбелі үлес қосқан шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов ауыл жанашыры атанса, сынақты сәтте кетілмеген кәсіпкер Ұлағат Бұхарбай осы саланың үздігі болды. Ал өрімдей өренді ажалдан арашалаған жедел-жәрдем фельдшері Жалғас Шарапов «Жыл медицина қызметкері» номинациясын иеленіп отыр.
Әріптестеріміздің арасында «Жыл журналисі» номинациясын Әділбек Жақанов жеңіп алды. Сондай-ақ, жедел құтқару жасағында жүріп талай мәрте тілсіз жаумен тайталасқан Мейрамбек Доспенбетов жыл қорғаушысы атанса, креативті жобасы ретінде «Анаға тағзым» орталығы танылды. Футбол жанкүйерлері көптен күткен «Қайсар арена» стадионы «Жыл жаңалығы», деп бағаланып отыр. Ал, үкіметтік емес ұйымдар арасында «Ұлағатты аналар» кеңесі көш бастады. «Жыл үздіктері» телебайқауының ең кішкентай жеңімпазы Медина Русланбек. Сүйкімді қылығымен әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін жаулаған періште «Жыл блогері» атанды.
Салтанатты шарада Жақсылық Бекқожаев атындағы арнайы жүлде «Құдайы қонақ» хабарының кейіпкерлері жаңақорғандық Мантаевтар жанұясына берілді. Осы шаңырақтың отағасы Марат Мантаев жұбайын жазатайым күйік шалғанда, қабырғасын қалтарыста қалдырмай дәрігерлердің ұйғарымымен терісін тілгізіп берген. Бұл қарекет қазіргідей тағдырдың сәл сынағынан сетінеп кететін жастар үшін үлкен өнеге.
Бұл жыл үздіктері анықталған креативті кеш. Сондықтан мұнда әзіл де, шоу да, сый да бар. Салтанатты шарада өңір өнерпаздарымен қатар, әнші-композитор Жарасхан Төлебай мен МузАрт тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов таңдамалы туындыларын орындады.
Биыл бастау алған креативті жобаны жұртшылық жоғары бағалады. Сондықтан 3 сағат бойы көрерменнің көбесі сөгілген жоқ. Айта кетейік, «Жыл таңдауы» телевизиялық байқауының толық нұсқасы жаңа жыл қарсаңында ел назарына ұсынылады.