#qyzylordatv

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы мен кезекті 45-ші сессия өтті. Сессия қарауына шығарылған 8 мәселе жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияда бюджетке қатысты екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, 2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджеті бекітілді. 2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет шығыстарының басымдықтары ҚР Президентінің халыққа Жолдауына, 2026-2028 жылдарға арналған Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, сонымен қатар ағымдағы экономикалық жағдайға сәйкес айқындалды. Мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді орындау шығыстары толық көлемде қаралды.

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы баяндамадан соң депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ жиында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев қалалық мәслихаттың 2025 жылы атқарған жұмыстары бойынша баяндама жасады. Жыл көлемінде кезекті 4, кезектен тыс 9 сессия өткен.

Сессия отырысында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары Мұса Әбдіқалықов және Ибрагим Басықараев тұрақты комиссиялардың атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын-ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын іске асыру үшін қалалық мәслихат жанында 11 мүшеден тұратын екі тұрақты комиссия жұмыс істеуде.

Жиында қала әкімі жыл бойына атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды. Соңғы үш жылда бой көтерген озық үлгідегі әлеуметтік нысандар, халық сұранысына сай ашылған кәсіпорындар, өңір әлеуетін арттырар ірі инвестициялық жобалар туған өлкеміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.