#qyzylordatv #заңментәртіп

Арал ауданында қылмыс азайған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9 пайызға төмендеп отыр. Алайда, бұзақылық қылмысы 100 пайызға өсім алған. Ең өкініштісі, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жасалатын қылмыс тиылмай тұр. Бұл мәселе аудандық «Заң мен тәртіп – жалпыға ортақ жауапкершілік» атты ведомствоаралық мәжілісте көтерілді. Жиында құқық бұзушылық профилактикасы бойынша өткен жылдың көрсеткіші таразыланып, биыл атқарылатын жұмыстар талқыланды.

Арал ауданында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі», «IT тергеу», «Смарт білезік», «Адал бала» жобалары жүзеге асуда. Құық қорғау органдарының профилактикаға басымдық беруінің нәтижесінде ауданда ахуал жақсарып келеді. Десе де, ауданда мас күйінде жасалатын қылмыстар азаяр емес.Жеткіншектердің топтық төбелесі де тиылмай тұр.

РУСЛАН НҰРЛЫБАЕВ – АУДАН ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Мысалы Жақсықылыш кентіндегі балалардың топтасып, төбелесу әрекеттері жыл сайын қайталанып, қоғамға кері әсерін тигізуде. 5 қаңтар 2025 жылы Барсакелмес тобының 20 баласы Жақсықылыш көшесінің бойында жиналып, сол жерде Альаска тобының 18 баласымен кездесіп, бір-біріне тас, шыны және ағаш қалдықтарын лақтырып, салют атып, балағаттап, көше бойыында айқай-шу шығарған. // аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кейін тоқтатылған. Топтық төбелесте кәмелет жасқа толмаған балалардың бары анықталды. //Сонымен қатар Сексеуіл кентінде жасөспірімдердің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алған.

Енді қылмыстың алдын алу үшін ауданда арнайы топ құрылып, рейдтер ұйымдастырылып, бақылау күшеймек.

 Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ұстаздар маңызды рөл атқарады. Сондықтан, әрбір сынып жетекшісі оқушыларының мінез-құлқына қарай дереу дабыл қағып, шара қолдану керек, деді аудан прокуроры. Сонымен қоса, барлық білім ордаларының өкілдерін құқық қорғаушылармен тізе қосып жұмыс істеуге шақырды. Бұл ретте ұстаздар қауымы білім ұяларындағы бақылау шаралары тиісті деңгейде қолға алынғанын жеткізді.

Жиында аудан үшін өзекті мәселелер көтерілді. Ардагерлер кеңесінің мүшелері тойханалардың түн ортасына дейін қызмет көрсетуін тоқтату керек деген ұсыныс айтты.

Жиын соңында құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдар және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, қылмысқа тосқауыл қоятын 27 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспарын бекітті. Мұнан соң, «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасын іске асыру барысында белсенділік танытқан ауыл әкімдері және учаскелік полиция инспекторлары аудан прокурорының алғыс хаттарымен марапатталды.