#qyzylordatv
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының бір сәтте төрт бірдей тағылымды жинағының тұсауы кесілді. «Ғазиз жүрек», «Ұстаз ұлағаты», «Ізденіс іздері» және «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты ғылыми-танымдық еңбектерде әдебиет теориясынан бастап, көзкөрген ұстаздарының тәлімі топтастырылған.
Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы. Бағдат Кәрібозұлының ізденіс жолына зер салсаң, осы бір оймақтай ойдың текке айтылмағанын ұғынасың. Академик Зейнолла Қабдоловтың төл шәкірті сөз зергерінің пайымын өміріне шырақ еткен. Сүйтіп, қазақ әдебиетінің ашылмаған қырларын, зерттелмеген тұстарын терең талдауға кірісті. Қазақ поэзиясын жанрлық ерекшеліктерін таразылаудан басталған дүние, Сыр сүлейлерінің мұраларын әр қырынан талдауға дейін тереңдей түскен.
Жиынға ғалымның өмір жолындағы достары, ғылыми ортадағы әріптес, шәкірттері және жұбайы мен қызы арнайы қатысты. Жарық көрген төрт кітаптың да мазмұны бай, тәлімі терең. Мұнда тек ғылыми талдамалық деректер ғана айтылмайды. Ғалымның өмірден түйген ойлары, адамгершілік пен парасаттылық тұрғысындағы философиялық өлшемдер де кітапқа енген. Сондықтан, жас ұрпақтың танымын кеңейтетін құнды дүние университет кітапханаларына қойылмақ.
Бағдат Кәрібозұлы 300-ден астам ғылыми-танымдық мақалалардың және 10 монографиялық еңбектің авторы. Сондай-ақ, бірнеше әдеби-публицистикалық жинағы жарық көрген. Ғалымның жетекшілігімен жинақталған 200 томдық «Сырдария кітапханасы» да қазақ әдебиеті мен руханиятына қосылған сүйекті еңбек. Өмірін ғылыми ізденіске арнаған жанның соңғы жылдары денсаулығы сыр берді. Бірақ қолынан қаламы түскен емес. Жетпіс жасында тұсауы кесілген 4 бірдей жинақ Бағдат Кәрібозұлының еңбекқорлық қырын айғақтаса керек.
Кітаптардың тұсаукесер рәсімінен соң университет қабырғасынан Бағдат Кәрібозұлы атындағы «Әдебиет теориясы» атты дәрісхана ашылды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет аймақ басшысының арнайы құттықтауын жеткізді.
Енді зерделі ғалым атындағы әдістемелік дәрісханада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің студенттері білім алады. Бұл еселі еңбекпен жеткен парасат дәнінің өміршең екенінің көрінісі.