#qyzylordatv

Құрылтай депутаттарына қойылатын талаптар қандай? Конституциялық комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшелері өз ұсыныстарын айтты. Одан бөлек Үкіметтің кейбір өкілеттігін қысқарту, Конституцияның кейбір баптарын толықтыру сынды бастама көтерілді. Бір күнде екі отырыс өткізген Конституциялық комиссия, секцияларға бөлініп маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасты.

КОНСТИТУЦИЯНЫҢ 1-БАБЫН ЖАҢА ТАРМАҚПЕН ТОЛЫҚТЫРУ ҰСЫНЫЛДЫ

1-бапты жаңа тармақпен толықтыру ұсынылды. Адам капиталы, білім, ғылым, инновация және мәдениет мемлекеттің стратегиялық негізі ретінде танылады. Жеке және отбасылық өмірге қол сұқпаушылықты қорғау тетіктері күшейтілмек. Депутаттар Құрылтайға қатысты ұсыныстарға тоқталды. Құрылтайдың өкілеттік мерзімі — бес жыл. Бұл лауазымға 25 жасқа толған азаматтар үміткер бола алады. Тағы бір айта кететін жайт Заң шығару бастамасына ие органдар саны артады. Ал Құрылтай қабылдаған заң 10 күн ішінде Президентке қол қоюға жіберілуі керек.

Ал, Айдос Сарым Құрылтай депутаттарының өкілеттіктері 1,5 есеге артады, - дейді. Ол қолданыстағы Конституцияда Парламент палаталарының функцияларын нақты сипаттайтын 53-бап 13 тармақтан тұрғанын атап өтті.

«Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуді ұсынды. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері конституциялық реформа мемлекеттік билікті барынша ашық, қоғам алдында есеп беретін және азаматтарға жақын етуге бағытталған, – дейді. Айта кету керек, Конституцияға Құрылтай депутаттары министрлерді лауазымынан босататын норма енгізілуі мүмкін. Дегенмен бұл айтылып отырған нормалардың бәрі әзірге ұсыныс қана. Олардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.