#qyzylordatv
Спорт жаңалықтары. Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы сапына әлемдік деңгейде танымал нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозес қосылды. Бұған дейін «Челси», «Ливерпуль», «Интер» секілді алпауыт клубтарда өнер көрсеткен футболшы Қызылордада жанкүйерлерге ресми түрде таныстырылды.
Әлемдік футболда мол тәжірибе жинаған Виктор Мозестің «Қайсар» сапына қосылуы – клуб тарихындағы ең айтулы трансфердің бірі. 1990 жылы Нигерияның Лагос қаласында дүниеге келген Виктор Мозес кәсіби мансабын Англияның «Кристал Пэлас» клубында бастап, кейін «Уиган Атлетик», «Челси», «Ливерпуль», «Вест Хэм», «Сток Сити», «Лутон Таун» командаларында ойнады. Сонымен қатар Италияның «Интер», Түркияның «Фенербахче», Ресейдің «Спартак» клубтарында доп теуіп, Еуропаның әртүрлі чемпионаттарында өзін дәлелдеген.
ВИКТОР МОЗЕС – ҚАЙСАР ФК ОЙЫНШЫСЫ
Күтетін нәтиже өте үлкен және негізгі менің қалайтын нәрсем ол әрине чемпион болу. Бірақ жалпы чемпион болу деп емес, әр матчтан матчға қарай жеңіске жетуіме тырысуым керек және бұл жерде бір адам ғана емес жалпы барлығымыз өте көп жаттығу жасауымыз керек.//
Баспасөз мәслихатында Виктор Мозес «Қайсарды» не үшін таңдағанына да тоқталды. Оның айтуынша, өзге де ұсыныстар болғанымен, ҚАЙСАР клубының нақты мақсаты мен даму бағыты шешуші рөл атқарған.Футболшыны былтыр пайдалануға берілген жаңа стадион да қызықтырыпты.
АРБЕР БЕРИША – В.МОЗЕСТІҢ АГЕНТІ
Көптеген командалардан ұсыныс түсті, оның ішінде Қазақстанның командалары болды. Қайсарда ең қатты қызықтырғаны ол клубтың амбициясы және академияға жаңа стадионға келіп жатқан инвестициялары осы спорт директоры болсын, барлығымыз осы жұмысқа деген ынтасынан біз осы командаға ауысуды шештік.//
Биыл «Қайсар» жүлделі орындар үшін күресуді мақсат етіп отыр. Осы бағытта команда бас бапкерін де ауыстырып, бұл қызметке қазақстандық маман Андрей Ферапонтовты тағайындады. Ал Виктор Мозес секілді тәжірибелі ойыншының қосылуы – клубтың алдағы маусымға үлкен сеніммен қадам басқанын аңғартады. Енді қызылордалық жанкүйерлер командадан нақты нәтиже күтеді.