#qyzylordatv

Сақылдаған сары аязда мұздай суға шомылатындар қатары көбейіп келеді. Ал қытымыр қыста үстіне шелектеп су құю өңірімізде әуесқой спорт түріне айналғандай. Суық маусымда судан саулық іздегендердің бірі қызылордалық Мұханбетқали Хамитбеков. Айтуынша, төменгі ауа температурасында шомылу арқылы тұмау мен суық тиюдің не екенін ұмытқан.

 ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ

Дәл қазір ауа температурасы 7 градус аязды көрсетіп тұр. Қатты аяз болмағанымен далада әжептәуір ызғар бар. Менің өзім мына киіммен тұрып тоңып тұрмын. Ал, кейіпкеріміз үшін бұл аяз түкте кедергі емес. Өзін құдды бір жазда аптап ыстықта жүргендей сезінеді. Менде дәл осы шелектегі суды үстіме құйып көрсем бе екен? Әй, бірақ жүрегім дауаламай тұр. Жалпы осылай аязды күндері суық суға түсетіндердің қатары артып барады. Себебі, мұзды су адамның қан айналымын жақсартып, бойын сергітеді екен

 Суық суға тоңбайды, қақаған қыста қатпайды. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, шып-шымыр Мұханбетқали Хамитбековті нағыз «морж» дерсің. Ал, терісінің түгі жоқ сұтқөректіден айырмашылығы – жүрегінің түгі бар! 29 жастағы жігіт қара суықта аптасына екі рет дәл осылай мұздай суды үстіне құйып, рахаттанады.

МҰХАНБЕТҚАЛИ ХАМИТБЕКОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Суық суға түсудің пайдасы ең бірінші иммунитетті көтереді. Өйткені, адам салқын суға түскен кезде денемізде қорғаныс режимі қосылады. Екінші пайдасы адамда энергия артады. Себеб, адамда дофамин мен адреналин гормоны бөлінеді. Күнделікті өмірде өзін жеңіл сезінеді/

 Көңілді күй және жоғары тонус мұздай суды құйынғаннан кейінгі бірнеше сағаттан соң да бойда сақталады екен. Сондай-ақ, суық су адам ұйқысы мен тәбетіне де оң әсерін тигізсе керек. Дегенмен, денсаулыққа пайдалы екен деп «өзім білемге» салынудың еш қажеті жоқ, дейді кейіпкеріміз. Бұл көрініс көпшілікке қызық болғанымен, еш дайындықсыз тәукелге бару қауіпті.

 МҰХАНБЕТҚАЛИ ХАМИТБЕКОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

 Негізі белгілі бір уақытқа дейін дайындалып, аз-аздан үйдегі душта салқын суға түсіп деген сияқты дайындық болу керек. Көп емес денені айналдыру, басқа жаттығу жасау секілді денені қыздырған жөн. Барлық нәрсе мида ғой. Егер ауырамын, тұмау тиіп қалады десең ол кезде адам ауырып қалуы мүмкін. Мен өзім настроймен түстім. Түкте ауырған жоқпын. Қаламызда қатты жел де болды ғой сол кезде де түстім.

Қыс маусымында суық суға шомылатындардың қатары артып келе жатқанын әлеуметтік желіден де байқауға болады. Сондықтан су айдындарында арнайы орын белгіленіп берілсе, дейді қызылордалық «морждар». Ал, төтеншеліктер қыстың күні өзен мен көлдерде суға түсуге тыйым салынатынын ескертеді.

 ЖАНДОС ДОСЫМОВ – ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ

 Қызылорда облысында суға түсуге арналған орындар жоқ. Осы ретте қала тұрғындарына қыстың күні өзен мен көлдерде суға түсуге кеңес бермейміз. Қыс мезгілінде мұздағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі, мұздың қалыңдығы әр жерде әр түрлі. Оның салдарынан қайғылы оқиғалар орын алуда.

Шынықсаң, шымыр боларсың деген. Сондықтан Мұханбетқали өз ауласында жаттығып-ақ, тұрақты түрде спортты серік етіп келеді.