#qyzylordatv
Бүгінде өңірде зейнеткерлікке шыққан 88 мыңға жуық ардагер бар. Олардың әлеуметтік жай-күйін қадағалап, қоғамдағы елеулі мәселелерге үн қосу облыстық ардагерлер кеңесіне жүктелген. Аталмыш ұйым мүшелері облыс орталығында бас қосып, кезекті конференцияда алғы жоспарды талқыға салды.
Қазыналы қариялар елге ес болса, жастар өнеге жолынан табылары анық. Сондықтан ең әуелі үлкендер үлгі үдесінен көрінуі тиіс. Осы рухани өре мен ұлт тәрбиесі өңір ардагерлерінің назарынан тыс қалған емес. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйытқы болған конференция осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлы жиында алдымен өңірдің даму көрсеткіштері сараланып, құрылтайда айтылған оңды өзгерістер сөз болды.
Бүгінде Сыр өңірінде 88 мыңға жуық ардагер тұрады. Олардың әлеуметтік ахуалы аталмыш кеңестің жіті назарында. Мәселен өткен жылы 1700-ге жуық ардагерге бір реттік көмек көрсетілсе, әлеуметтік ахуалы алаңдатарлық 151 қарияның жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Мұнымен қоса, 130-дан астам ардагер еліміздің түрлі шипажайларында тынығуға мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы бастамалар биыл да жалғасын таппақ.
Соңғы 5 жылда өңірде еңбек ардагерлерінің қатары біршама артқан. Сондықтан жиында облыстық ардагерлер ұйымы пленум мүшелерінің санын 49-дан 55-ке көбейту ұсынылды. Осы арқылы ұйымның қызметін кеңейтіп, әрбір ауыл-аймақтағы қариялардың мәселесін назарға алу көзделіп отыр.
Конференция барысында республикалық ардагерлер ұйымының кезекті съезіне қатысатын 4 делегат сайланды. Мұнан соң өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан кеңестің белсенді мүшелері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.