Саналы ғұмырын қазақ тілі мен әдебиеті ғылымына арнаған көрнекті ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сара Бахтиярова 70 жасқа толды. Білікті ұстаздың мерейлі мерекесіне орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми кеңесінде мәжіліс болды.
Сара Бахтиярқызы еңбек жолын 1978 жылы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған. 1993 жылдан бері жоғары оқу орнында ұстаздық етіп келеді. Жарты ғасырға жуық ғұмырын педагогика саласына арнаған білікті маман ғылыми ізденісін бір сәт те тоқтатқан емес. Ғылыми кеңес мәжілісінде әріптестері Сара Бахтиярованың өнегелі өмір жолы мен ғылымға қосқан үлесін сөз етті. Жиында ғалымға облыстың «Құрмет грамотасы» тапсырылды.
Ғалымның «Балалар әдебиеті», «Ақпараттық оқыту технологиясы негізінде заң терминдерін оқыту жолдары» атты оқу құралдары мен бірнеше оқу-әдістемелік еңбектері, бір монографиясы жарық көрген. Сонымен қатар республикалық және халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған 70-тен астам мақаласы студенттердің ғылым жолына бағдар болып келеді.
Сара Бахтиярқызы шәкірттерінің жадында адами болмысымен жатталған жан. Оның біреуге болсын деп тұратын қамқорлығы мен шынайы жанашырлығы, қазақ әйеліне тән биік болмысы көпке үлгі.
Мерейлі іс шарада Сара Бахтиярқызын құрмет тұтатын университет ұжымы мен алыс-жақыннан келген әріптес, замандас, шәкірттері оның жақсылығын жарыса айтып, ғылым мен білім саласын дамытуға, тіл ғылымының өркендеуіне қосқан үлесіне тоқталып, сый-құрметтерін көрсетті.