#qyzylordatv
Қызылордада 6 вагон рельстен шығып кетіп, аударылған. Оқиға 2 қаңтар күні кешкі сағат 17.10-да «Нұр Назар» серіктестігінің кіреберіс жолында болған.
Вагондардың рельстен шығып кетуі Қызылорда жүк тасымалдау бөлімінің Белкөл стансасында маневрлік жұмыс кезінде орын алған. «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, тазалық жұмысы кезінде жолдың бұрылыс бөлігінде 6 вагон сағатына 3-5 шақырым жылдамдықпен рельстен шығып кеткен. Оның 4-еуі дизель отыны тиелген цистерна болса, қалғаны – бос вагондар.
«Алдын ала ақпарат бойынша, вагондар «бір бүйірлеп» жатып қалған. Зардап шеккендер жоқ. Пойыздардың негізгі жолдармен жүруіне оқиға кедергі келтірмеді. Жылжымалы құрам мен жолдың зақымдануы тіркелген жоқ. Себептерін анықтау үшін комиссия оқиға орнында жұмыс істеуде».