Былтыр елімізде 494 қылмыстық іс кассациялық сотта қаралып, 44 үкімнің күші жойылды. Әрі 7 адам толыққанды ақталып, 36 айыпталушының жазасы жеңілдетілген. Бұл тергеушілер тарапынан кеткен қателіктер ме, әлде, қара қылды қақ жаруы тиіс соттардың салғырттығы ма? Құқық қорғау жүйесіндегі күрмеулі мәселелер облыс орталығында өткен семинар-кеңесте талқыланды.
Облыстық прокуратура мұрындық болған талқы алаңына сот құрылымының өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары мен адвокаттар қауымдастығының мүшелері арнайы қатысты. Мақсат біреу – қылмыстық істерді қарау барысында туындайтын мәселелерді ашық талқыға салу. Айталық, тергеушілер тарапынан кететін қателіктер көбейген. Жаза басқан жанды жазғырудан бұрын құқық қорғаушылар заң талаптарына мұқият болуы шарт. Әйтпесе, бір оғаш әрекет – бүтін тағдырды бүлдіруі мүмкін.
Былтырдан бастап елімізде кассациялық сот тетігі іске қосылды. Бұл құрылым бірінші және апелляциялық сатыдағы сот шешімдерінің заңдылығын қадағалайды. Аталмыш жүйе жәйден-жәй енгізілген жоқ. Яғни, қылмыстық заңнама тек жазалаушы құрал болмауы маңызды. Ауыр айып арқалағандарды қоспағанда, жазатайым жаза басқандарға бір мүмкіндік берілгені жөн. Бұл сот жүйесіндегі байыпты байлам.
Бүгінде конституцияның жаңа нұсқасы піспектеліп жатыр. Ата заңда алғаш рет адвокатура туралы бап пайда болуы мүмкін. Бұл азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беру жолындағы адвокаттардың мәртебесін мемлекеттік айыптаушы, яғни прокурорлармен теңестіруді көздейтін маңызды қадам. Осы орайда талқы алаңында сот процесі мен тергеп-тексеру кезінде жиі жіберілетін қателіктер ашық айтылды.
Жиында сот, прокуратура өкілдері және адвокаттар қауымдастығының мүшелері көтерген мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, тиісті шешім қабылданбақ.