Алдағы 3 жылда аймақта 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Осы арқылы 10 мыңнан астам тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл жобалардың тең жартысы биыл іске қосылады. Өңір экономикасына серпін беретін бастамалар турасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов баспасөз мәслихатында хабарлады.

Былтыр аймақта 27 инвест жоба жүзеге асты. Сырттан тартылған қаржы көлемі 300 млрд теңгеден асып жығылады. Биылғы жоспар да ауқымды. Жыл соңына дейін облыс аумағында 21 жоба басталуы тиіс. Олардың қатарында құс фабрикасы мен тауарлы сүт фермасы секілді маңызды өндіріс ошақтары бар. Жылына 1 млн тоннадан астам әк шығаратын зауыт та осы жылы іске қосылмақ. Аймаққа серпін берер өзге де жобалардың қаржысы шешіліп, қазығы қағылып қойды.

БИЫЛ 2444 ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Жалпы, облыс бюджетінің 57 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Былтыр тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысына 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Биыл да бұл басым бағыттың бірі. Жыл соңына дейін бюджет қаражаты есебінен 2444 пәтер пайдалануға беріледі. Мұнымен қоса, жеңілдетілген тұрғын үй несиесі арқылы 169 маманның баспана проблемасы шешілмек. Өңірде жол, ауыз су, көгілдір отын мәселесі де қаперде.

МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР ЖАҢАРАДЫ

Өңірде өткен жылы 26 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Биыл да бұл бастама жалғасады. Әсіресе, тозығы жеткен медициналық нысандарды түбегейлі жаңарту көзделіп отыр.

Саладағы серпіннен аудандар да қалыс қалмақ емес. Мәселен Аралда 250 келушіге арналған емхана бой көтермек. Бүгінге дейін жобаның қаржысы қаралып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.