Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақпан айын «Өтеусіз қан донорлығы айы» деп жариялады. Жалпыұлттық әлеуметтік бастамаларды қолдау аясындағы бастама ерікті, өтеусіз донорлық мәдениетін дамытуға, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік пен өзара көмек, гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанады. Бір қуантарлығы, осынау игі іске үлес қоссам дейтін қызылордалықтар саны артып келеді.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Бір рет қан тапсырған донор, орта есеппен үш адамның өмірін арашалайды екен. Жалпы өңірдегі донорлар әр түрлі жаста. Былтыр донор болғандардың 57 пайызы ер адамдар болса, қалған 43 пайызы әйелдер екен. Мамандардың айтуынша, қан тапсырудың еш зияны жоқ. Керісінше, денсаулыққа пайдалы. Біріншіден, донор тұрақты түрде медициналық бақылауда болады, екіншіден қан жасушалары жаңарып, иммунитеті көтеріледі.//

Қала тұрғыны Жадыра Айғанова он жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді. Өзгенің өмірін құтқару үшін бастаған әрекеті әдетке айналған.

ЖАДЫРА АЙҒАНОВА – ДОНОР // Жылына 3-4 рет келемін. Өте денсаулыққа пайдалы. Басың ауырмайды, қаның жаңарады. Бір жағынан қанға мұқтаж жандарға көмек болсын деймін. Сол үшін қан тапсырыңыздар. Алғаш рет қан тапсыруға келген кезде қайын ініме қан керек болды сол мақсатта тапсырған едім. Міне, содан кейін донор болып келемін.//

Ал Алмагүл Жетпісбайқызы медицина саласының ардагері. Ол да сауапты іске үлес қосып жүрген жандардың бірі.

АЛМАГҮЛ ЖЕТПІСБАЙҚЫЗЫ – ДОНОР //Жасым 67-де. Қан тапсыруға екі ай сайын келіп тұрамын. Қан тапсыру денсаулыққа пайдалы. Өзгеге де өмір сыйлайсың. Жақсы болып жүресің...//

Статистикаға сүйенсек, жылына орта есеппен 13 мыңнан астам қызылордалық донор болуға ниет білдіреді екен.

ЕРКІН ЖАҢАБАЙҰЛЫ – ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ //Донорлардан 2025 жылдың 12 айында 8948,2 литр қан дайындалды. Осы қаннан дайындалған құрамдас бөліктері емдеу мекемелерінің сұранысы бойынша жіберіліп отырады. қан донорлығы көптеген науқастардың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратын аса маңызды қоғамдық іс.//

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Әдетте қан тапсырғаннан соң ол бірден медициналық мекемеге жіберіледі деп ойлаймыз. Алайда ең бірінші алдыңғы компоненттер қолданылады. Яғни, жаңадан құйылған қалташалар қанды сұрыптау кабинетінде тексеруден өтеді. Қажетті плазмалар мұнан кейін, арнайы мұздатқышта қатырылып, оны үш жылға дейін сақтауға болады екен. Қажеттілік туындаған кезде донорлық плазмаларды арнайы аппараттың көмегімен ерітіп береді.//