Ата заңның жаңа жобасы әрі қарай да қоғамда ашық талқылана береді. Конституциялық комиссияның кезекті жиынында бас құжаттың мәтініне талдау жасалғаны айтылды. Терминологиялық тұрғыдан жіберілген қателіктер мен аударма мәселесіне назар аударылып, жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілген.

Ата заңның жаңа жобасы әрі қарай да қоғамда ашық талқыланады. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы Эльвира Әзімова айтты. Комиссияға e-Өтініш платформасынан 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Оның басым бөлігі Ата Заң жобасының жекелеген баптарының редакциясын жетілдіруге бағытталған нақты әрі мазмұнды ұсыныстар.

Ал, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституция жобасындағы 18-бапты орыс тілінде нақтылай түсуді ұсынды. Осы баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген. Дегенмен, орыс тіліндегі аудармасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар «сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды» деп түсіну қаупі бар екенін айтуда.

Ата Заңның жаңа мәтіні аударма емес. Ол тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылып жатыр. Осылай деген мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин бұл — қазақ тілінің заң тіліне айналғанын, аясы кеңейіп, өркендегенін көрсеткенін жеткізді.

Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бойынша жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізіліп, түзеуге журналистер мен тіл мамандары жұмылдырылған. Бірнеше ай бойы жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде Конституцияның мәтіні түсінікті әрі ұғынықты бола түсті. Калька және ескірген сөздер қайта жазылды.

ТЕҢГЕ МӘРТЕБЕСІН КОНСТИТУЦИЯДА БЕКІТУ ҰСЫНЫЛДЫ

Ең бастысы, төл валюта дербес ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ішкі нарықты қорғайды, әлемдік дағдарыстарға дер кезінде жауап беруге жол ашады.

«ҚАЗАҚСТАН ЗАҢГЕРЛЕР ОДАҒЫ» КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН РЕФЕРЕНДУМҒА ШЫҒАРУ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАДЫ

Заңгерлер, судьялар, нотариустар, сот орындаушылары және ғалымдар Ата заңның жаңа жобасын кеңінен талқылап, адам құқықтары мен бостандықтарын күшейту, цифрлық кеңістіктегі құқықтық кепілдіктер сынды бағыттарды ерекше атап өтті. Сондықтан «Қазақстан заңгерлер одағы» Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысын бірауыздан қолдап отыр.

Осылайша, Конституциялық реформа аясындағы жұмыс ашық форматта жалғасып жатыр. Қоғамнан түскен ұсыныстар ескеріліп, Ата заңның жаңа жобасы мазмұндық әрі тілдік тұрғыдан жетілдіріліп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттің құқықтық негізін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған. Ал Конституция жобасының түпкілікті тағдырын халық референдум арқылы шешеді.