Биыл Қармақшы ауданындағы Иіркөл, Төребай би ауылдарында газдандыру жұмыстары басталады. Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – тозығы жеткен электр желілерін жаңарту жұмыстары да қолға алынбақ. Аудан әкімі журналистерге арналған баспасөз мәслихатында осы және өзге де жұмыстарды баяндады.
Бүгінде аудан халқының 75,2 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Өткен жылдың соңында екі мыңға жуық тұрғыны бар Дүр Оңғар ауылы газға қосылса, биыл Иіркөл мен Төребай биде газдандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал, ІІІ-Интернационал ауылын газдандыруға байланысты демеушілік есебінен жоба сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
Қазіргі күні Қармақшыдағы электр желілерінің сексен пайызы ескірген. Осыған байланысты биыл Қуаңдария, Ақжар, ІІІ-Интернационал, Алдашбай Ахун және Қармақшы ауылдарындағы тозығы жеткен бағаналар мен трансформаторлар түгелдей жаңартылады.
Қармақшы ауыл шаруашылығына бейімделген аудан. Дегенмен соңғы жылдары кәсіпкерлік саласына ерекше екпін берілуде. Мәселен, былтыр құны 1 млрд. теңге болатын 60 жоба қаржыландырылса, биыл екі ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Оның бірі «Күн электр станциясын және деректерді өңдеу орталығын салу», екіншісі «Метан бекеттерін салу» жобасы.
Ауданда абаттандыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда.