Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №5 мектеп-интернаттың жұмысымен танысты. Педагогтармен және қамқоршылық кеңес мүшелерімен кездесіп, өзекті мәселелерге құлақ түрді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған инклюзивті білім беру орталығында қазір 80 оқушы тәрбиеленуде. Мұнда әрбір баланың денсаулығы, жеке ерекшелігі ескеріліп, соған сәйкес оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Яғни, мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сәйкес пәндермен қатар, балалардың көру ерекшеліктеріне және даму деңгейіне сай арнайы түзету-дамыту сабақтары оқытылады. «Қазақстан халқына» қоры қаржысы есебінен музыка, түзету, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеттері соңғы үлгідегі қажетті құралдармен толықтай жабдықталды.
Мектеп-интернатта көру қабілеті бұзылған балаларға бейімделген арнайы балалар кітапханасы жұмыс істейді. Жалпы бес мыңға жуық кітап қоры болса, оның 619-ы үлкейтілген, 287-і Брайль қарпінде жазылған.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Қамқоршылық кеңес мүшелері білім беру ұйымының жұмысымен танысты. Мекеме қызметкерлері және ата-аналармен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейтін, инклюзивті білім беретін мамандардың біліктілігін арттыру керек. Бұл да маңызды мәселе. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы алдағы уақытта осы бағытта жаңа жоба қолға алмақ.