Digital Nauryz аясында Baursaq Pitch стартап жобасы таныстырылды. Бұл іс-шара өңірдегі IT-қоғамдастықты дамытуға және жас мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шара AI Content тақырыбындағы воркшоппен басталды. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы заманауи контент жасаудың жаңа тәсілдерін меңгерді. Бағдарламаның негізгі бөлігі — Baursaq Pitch стартап жобасын таныстыру болды. Қатысушылар өз жобасын сарапшылар алдында қорғады.

ЖАНАРЫС ТҮБЕКБАЕВ, KYZYLORDA HUB ЖЕТЕКШІСІ

"Baursaq Pitch - бұл үлкен нетворкинг алаңы. Біз ай сайын сол форматта кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Өңіріміздің кәсіпкерлері, IT мамандары жастармен, жас стартаперлермен танысып, өз жобаларын таныстырып, кішігірім кері байланыс алып, дамыту бойынша жұмыс жасайды. Дәстүрлі түрде кездесуді осындай форматта өткіземіз. ұлттық тағамдармен дастархан жайып, мерекелік атмосферада күй тартып, өнер адамдарын шақырып, дәстүр мен IT ұштасқан кеш ұйымдастырудамыз. Кешімізде 50-ге жуық қатысушымыз бар."

Сессияда еңбек нарығын жеңілдету, келісімшарттарды басқару, деректерді талдау және бизнес-процестерді автоматтандыру салаларын қамту секілді бастамалар ұсынылды. Жаңа жобасымен ерекшеленгендердің бірі Мұхтар Тұрсынбай. Ол мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы платформа әзірлеген.

Іс-шара барысында қонақтарға интерактивті квиз ұйымдастырылды. Бұл қатысушылар арасында нетворкинг орнатуға мүмкіндік берді. Жалпы, Digital Nauryz аясындағы бұл алаң өңірдегі стартап экожүйенің дамуына серпін беріп, жас жобалардың жүзеге асуына жол ашпақ.