Өңірге жұмыс сапарымен келген Сенат, Мәжіліс депутаттары қайта жаңғыртудан өткен Президент саябағында болды. Сондай-ақ, сол жағалаудағы пайдалануға берілген тұрғын үйлерге барып, баспана иелерінің қуанышына ортақтасты.
Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі қарсаңында сол жағалаудағы 400 пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген болатын. Депутаттар осы баспананың кілтін алған тұрғындармен кездесіп, жаңа қонысымен құттықтады. Айта кету керек, биыл аймақта кезекте тұрған азаматтарға 2 400 пәтер табысталады. Қазір қаланың сол жағалауында заманауи үлгідегі, жаңа дизайнмен 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.
ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ ЖАЙЛЫ ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ
Депуттаттар мұнан соң толықтай жаңартылып, қайта түлеген Президент саябағының жұмысымен танысты. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының демалып, бос уақытын тиімді өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары жасалған. Саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді. Сонымен қатар, 300 орындық заманауи балалар лагері, Ботаникалық білім беру орталығы, тоғыз қабатты 15 тұрғын үй, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық салынуда. Алдағы уақытта Президенттік кітапхана мен жаңа драма театрдың құрылысы басталады. Айта кету керек, паркте әр мереке сайын түрлі іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.