«Қазақстан» ұлттық телеарнасы «SuperStar KZ» жобасын қайта жаңғыртып жатыр. Көпшілік сүйіп көрген музыкалық шоу енді жаңа форматта көрерменге жол тартпақ. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды іздеуге арналған ауқымды кастинг жарияланды.

Байқауға жасы 16-25 аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Кастинг 4-26 сәуір аралығында елдің 9 ірі қаласында өтеді. Офлайн іріктеу кезеңдері Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Қостанай, Астана, Қызылорда және Алматы қалаларында ұйымдастырылады. Ал офлайн қатыса алмаған үміткерлер үшін онлайн өтінім беру мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін @superstarkz Telegram арнасы арқылы тіркелуге болады.

   Естеріңізге салайық, аталған жоба Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, қысқа уақыт ішінде үлкен танымалдыққа ие болған еді. Жаңа маусымның басты мақсаты – жаңа есімдер мен тың таланттарды анықтау.

4 сәуір – Шымкент

6 сәуір – Ақтау

8 сәуір – Ақтөбе

10 сәуір – Семей

12 сәуір – Павлодар

15 сәуір – Қостанай

17-18 сәуір – Астана

20 сәуір – Қызылорда

25-26 сәуір – Алматы

Айта кетейік, өңіріміздегі кастинг 20 сәуірде Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өтеді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз!