#qyzylordatv
Қызылордада «Музей түні» өтті. Көрме-жәрмеңке, тарихи қойылым, ұлттық ойындар және концерттік бағдарламалар түнге дейін жалғасты.Тарих пен мәдениет тоғысқан кеш туралы тілші бейнематериалында.
«Музей түні» акциясы әлеуметтік, рухани маңызы бар бастама. Өйткені, бұл кеш халықтың өткенін саралап, бүгінін бағалауға шақырады. Сондай-ақ, құндылықтарымызды дәріптеу арқылы бір мақсат, бір мүддеге топтасуды меңзейді. Міне, сондықтан айтулы шарада сыры кетсе де, сыны кетпеген Сыр бойының мәдени жауһарлары көптің назарына ұсынылды.
НҰРМАТ МАНСҰР – ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Тамыры тереңде жатқан тарихымыздың заттай айғағы тұрған музей халқымыз үшін өте бір қастерлі, киелі орын. Сонау ежелгі заман алтын дәуір, хандық дәуір содан бері қарай жалғасып Тәуелсіздікке дейінгі кезеңдегі бүкіл ата-бабаларымыздың басып өткен жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер осы жерде сақтаулы. Музей түні мерекесі дәстүрлі түрде жыл сайын аталып өтіледі. Іс-шарамыздың бастауын қазақ музей ісінің методологиясын жасап кеткен үлкен руханият ел қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдығы аясында арнайы көрмесін жасап, сол көрмемен ашылды.
Дәстүрлі шараға бұл жолы келушілер әдеттегіден көп болды. Жас та, жасамыс та кеш түскеннен музей маңына топтасты. Шараның шымылдығын Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері қойылыммен ашты.
Музей – өткеннен өнеге теретін құтты орын. Таңбалы тарихы тереңмен астасқан Сыр бойының бай мұрасы осында сақтаулы. Сондықтан мұнда келген әрбір жан рухани серпіліп қайтары сөзсіз. Танымдық кеште сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет халықаралық музейлер күнінің маңызына тоқталып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өткен мен бүгіннің тарихын жалғастыруда оны кейінгі ұрпаққа таратуда музейдің алар орны ерекше. Музей – тарихи жәдігерлердің қоймасы, рухани қазыналардың орны. Сыр өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын жаңа форматта таныстырып отырған музейлер бүгінде еліміздің жетекші мәдени құжаттарының біріне айналды.
Концерттік бағдарламадан соң көпшілік «Сыр шеберлері» көрме-жәрмеңкесіндегі қолөнер шеберлерінің бұйымдарын тамашалады. Мұнан соң, «Дала рухы» этноауылында халқымыздың салт-дәстүр, ұлт болмысы мен тұрмыс-тіршілігі кеңінен насихатталды. «Күй керуені» атты тірі музыка кешінде ұлттық әндер ойналып, келушілерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ, қала тұрғындары саз балшықтан бұйым жасау шеберлік сабағына қатысып, өз қолымен түрлі мүсіндерді жасауға мүмкіндік алды. Кеште ұлттық ойындар да ұмыт қалмады.
Ал, кілемдер көрмесінде ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерді сақтап, оны балаларға үйретумен айналысып келе жатқан көркем еңбек пәнінің мұғалімі Бақытгүл Ізбасарованың дайын өнімдері көрмеге қойылып, ел назарына ұсынылды. Сондай-ақ, келушілер түкті кілем тоқудың әдіс-тәсілін де үйренді.
Тарихи танымдық шара аясында құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, саланың серпін алуына үлес қосқан мамандар марапатталып, көпшілікке ән-күйден шашу шашылды.