#qyzylordatv

2025 жылға арналған Қызылорда қаласының, кент және ауылдық округтерінің бюджеттерінің атқарылуы қай деңгейде? Жасөспірімдер арасында есірткі мен уытты заттарды тұтынудың алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Бұл мәселелер бүгін қалалық мәслихаттың экономика, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік сала және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында қаралды.

 Былтыр қала бюджеті 72 млрд теңге шамасында бекітілген. Жыл соңында жоспардағыдан екі есе ұлғайған. Негізінен қазынадағы қаржы халықтың тұрмысын түзеуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға, қаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Жауапты бөлім басшысы кірістер мен шығыстар бойынша параметрлер толық көлемде орындалғанын айтты. Қала кірістерінің құрылымында жоғарғы бюджеттен берілетін трансферттер үлесі 63,4 пайызды, қаланың өз кірістері 36,6 пайызды құраған. Ал 2024 жылы қала бюджетіндегі трансферттер түсімінің үлесі 58 пайыз болған.

 Облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Нұрғали Қордабай қала, кент және ауылдық округтер бюджетінің атқарылуына жасалған талдау нәтижелерін баяндады.

 Биыл 4 айда есірткі қылмысын анықтау былтырғы жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға төмендеген. Есірткі қылмысына қарсы іс–қимыл саласымен 49 құқық бұзушылық, оның ішінде 21 есірткі өткізу 2 есірткі өсіру дерегі анықталыпты. Құзырлы орган өкілдері қоғамға қауіп төндірген дертке қарсы іс қимылды әлі де күшейту қажет екенін жасырмады. Мұнан соң жастармен атқарылған жұмыстар тыңдалды. Депутаттар әрбір мәселеге қатысты сұрақтарын жолдап, өз ұсыныстарын білдірді.