#qyzylordatv
Өткен мен бүгінді жалғап, ұлт жадысын сақтап келе жатқан Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейіне 30 жыл толды. Осыған орай «Руханият» орталығында «Музей – тарихымыздың айнасы, ұрпаққа аманат» атты салтанатты кеш болды. Мерекелік жиында сала мамандары мен ардагерлер алғыс хатпен марапатталып, «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Талай кезеңнің куәсіне айналған аудандық музей ғимаратының іргетасы 1990 жылы қоғамдық бастама негізінде қаланған. Ал, 1996 жылы Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта жасақталып, бүгінге дейін ұлт руханиятына қызмет етіп келеді. Қазір мұнда 12 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Ерекше жәдігерлердің қатарында Аралбай батырдың қылышы, бес қару үлгілері, ат әбзелдері, Абай Құнанбайұлы пайдаланған асадал, Сауранбай болыстың кебежесі, Марқа Қобландиннің сандығы, екі ғасырлық тарихы бар шаңырақ, көне ағаш төсек, мыс және керамикалық көзелер, сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттар бар. Мұнан бөлек, «Музейге сый» акциясы арқылы мекеме қоры жаңа жәдігерлермен толығып, тарихи мұра қоры артып келеді.
Мерекелік шарада әуелі қолөнер шеберлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Сырдариялық Болат Маханбетов ағаштан түрлі бұйымдар, кәдесыйлар, құрал-жабдықтар жасайтын ағаш шебері. Соңғы кезде ұмытылып бара жатқан тұрмыстық құралдарды қайта қолданысқа енгізу үшін күбі, астау жасауды қолға алыпты. Шебер негізінен еңбегіне қарағаш, қайың сынды жерігілікті ағаштарды қолданамын, дейді.
БОЛАТ МАХАНБЕТОВ – АҒАШ ШЕБЕРІ
Мәселен, мынау теріні илеуге арналған құрал. Көбі мұны көргенде таңданып жатады. Негізінен бұны кезінде ата-бабаларымыз көп қолданған...
Ал, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Қуаныш Бисенбаевтың қолына тиген ағаш тамыры әп-сәтте әдемі, зерлі бұйымға айналып шыға келеді. Яғни, ағаш шебері қолындағы қашауымен сексеуіл, жыңғыл, жиде ағашының тамырынан дәл осындай аң-құстың кескінін келістіреді. Мұндай дүниені жасауға тек ептілік керек, дейді шебер.
Қазіргі уақытта сала мамандары жасанды интеллект көмегімен ұсынылатын интерактивті экс-позицияларды көпшілікке ұсынып келеді. Бұл ғылыми ізденіс пен кәсіби еңбектің нәтижесі. Салтанатты жиында аудан әкімі Берік Сәрменбаев музейдің тарихына тоқталып, бір топ сала маманы мен ардагерлерді және қолөнер шеберлерін алғыс хатпен марапаттады.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ
Музей – ұлттың өткені мен бүгінін жалғайтын тарихи жадымызды жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін қасиетті мекен.
Марапаттау рәсімінен соң ауданның қалыптасу тарихын, өндірістік және мәдени дамуын, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмірі мен қызметін жан жақты қамтитын «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Айта кетейік, жыл көлемінде музей ұжымы көптеген жобаны жүзеге асырып, құнды жәдігерлер қорын толықтырмақ.