#qyzylordatv

Облыстық филармония жанындағы Жыраулар үйі белгілі жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың 70 жылдық мерейтойына орай тағылымды кеш өткізді. Рухани шарада Сыр бойы жыраулық мектебінің өкілдері өрелі өнер иесінің тарихи туындысы - «Шыңғыснама» дастанын жырлады.

Алмас Алматов қазақ руханияты мен мәдениетінің, өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Сүбелі сөзді сүйегінен танитын қабырғалы қайраткер жастайынан жыраулар мұрасын жаттап, жинақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүр. Ғибратты ғұмыр иесінің жетпіс жылдық меретойы қарсаңында алты томдық таңдамалы жинағы жарыққа шықты.

АМАНДЫҚ БҮРЛІБАЕВ, ЖЫРАУЛАР ҮЙІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ

Алты томдықтың ішінде «Қазына» дастаны бар, «Шыңғыснама» бар....

 «Шыңғыснама» - ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы Ұлы дала тарихын, көшпелі ұлыстардың бір ту астына бірігуін, елдік пен бірлікті, адалдықты бейнелейтін бірегей эпикалық туынды. Кең көлемді шығарманы Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Әділхан Қуанбаев, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, Бексұлтан Орынбасар, Тоғжан Өтенова сияқты Сыр бойы жыраулық мектебінің белді өкілдері, төл өнерді төрге оздырып жүрген жыр жүйріктері орындап шықты. Тарихи дастанның ең маңызды деген тұстарын әңгімелеп, көрерменге рухани азық сыйлады.

 Кеш соңында жыр жалауын желбіретіп жүрген өрелі өнер иелеріне Алмас Алматовтың 6 томдық еңбегі табысталды.