#qyzylordatv
Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің туғанына биыл - 100 жыл. Аймақтың ауыл шаруашылық саласының дамуына атсалысып, «Жаңаталапты» жаңартқан, «Қазақстанның 50 жылдығы» совхозын аяққа тұрғызған іскер басшының ғасырлық мерейтойына орай облыстық кітапханада танымдық іс-шара өтті.
Шараға жиналғандар алдымен Алдаберген Бисенов туралы дайындалған деректі фильмді тамашалады. Көз көргендер Социалистік Еңбек Ерінің елге сіңірген еңбегі мен тындырымды тірлігі турасында сөз қозғады. Аққұмда туған азамат іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде ел есінде қалды. Алдаберген Бисенов Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» кеңшарын басқарған тұста егіс көлемін 2000 гектарға арттырып, мол өнімге қол жеткізді. Ауылдың ахуалын жақсартып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын түзетті. Нәтижесінде Жаңаталап жаңарып, бүкіл республикаға танылды. Ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы 1972 жылы «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы совхозға директор болып тағайындалды. Іскер басшы су тапшылығына қарамастан 3 мың гектарға күріш егіп, 48 центнерден өнім алды. Асыл тұқымды мал өсіріп, ет, сүт өндіру ісін жолға қойған.