#qyzylordatv
Қазақстанның аэронавигациялық инфрақұрылымы бес жыл ішінде толығымен жаңартылады. Сонымен қатар еліміздегі авиарейстерде аэротакси және биометрия енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жиынға селекторлық режимде қатысқан облыс әкімі арнайы мәжіліс өткізіп, саладағы түйткілдерді пысықтады.
Облыс әкімі алдымен өңірде болған кадрлық өзгерістерге тоқталды. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бұйрығымен облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы лауазымына Кенесары Бағбанұлы тағайындалды. Әр жылдары прокуратура, Қаржылық тергеу саласында қызмет атқарған Кенесары Бағбанұлына өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру міндеті тапсырылды. Сонымен қатар жаңадан құрылған балалар құқықтарын қорғау басқармасы басшысы лауазымына Ерлан Бәкіров тағайындалса, туризм басқармасына Дінмұхамед Ермеков тағайындалды.
Жиында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қызметін атқарып келген Ерқасым Сүлейменовті құрметті еңбек демалысына шығарып салу салтанаты болды. Енді бұл департаментті Нұрлыбек Бимурзаев басқарады. Сондай-ақ «Қазақ Газ Аймақ» акционерлік қоғамы Қызылорда өндірістік филиалының директоры қызметіне Нұрлан Шаухаманов тағайындалды. Аймақ басшысы жаңа лауазым иелерін құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.