#qyzylordatv
Биыл біздің арнаның құрылғанына – 35 жыл. Шыны керек бүгінге дейін мына мен секілді талай диктор студияда ақпарат таратып, жаңалық жаршысы атанды. Қысқасы, келіп-кеткен, экранды көрікті еткен әріптес көп. Ал, бұл шығармашылық ұжымда ширек ғасырдан бері өзгермеген бір бейне бар. Сурдоаудармашы Айткүл Садықова апайымыз осымен биыл 26-шы жыл ым-ишара тілінде көрерменге ақпарат таратып келеді. Мерейтой қарсаңында аймақ тынысын талайға мейірім тілінде жеткізіп жүрген әріптесіміз туралы сөз қозғауды жөн көрдік. Бейнематериалды көріңіз.
Әлемде түр көп, тіл көп. Ал, ым-ишара тілі біреу. Мұнда мейірім сөйлейді. Айткүл Садықова осы мамандықты меңгерген үлкен жүрек иесі. Ол күн сайын ерекше тағдыр иелеріне тып-тыныш әлемнің тынысын жеткізеді. Осылай сауапты істің сауытын киіп жүргеніне ширек ғасырдан ауды. Кейіпкеріміз бірақ ешқашан шаршадым, деп айтқан емес. Өйткені, шын көрермендері күтіп отыратынын көңілімен түйсінеді.
Шыны керек, сіз бен біз үшін экранның төменгі бөлігіндегі жан көбіне елеусіз көрінуі мүмкін. Дегенмен, ерекше жандар үшін ең мықты жаңалық жаршысы осы кісі. Кейіпкеріміз 26 жылдан бері әбден шыңдалып, талай тезден өтті. Халықаралық жаңалықтардан бастап, әр саланың терминдік тіркесін тілсіз-ақ түсіндіреді.
Тілеарнадағы жауапты жұмыс өз алдына. Айткүл Садықова 20 жыл бойы жеткіншектерге ым-ишара тілінен сабақ берді. Әлі күнге дейін жабырқаулы ата-аналарға көмек қолын созып келеді. Қорыта айтқанда, былайғыда қайнап жатқан тіршілік, кей тағдыр иелері үшін жым-жырт. Ал олардың санасына өмірдің өзегін жеткізуге өмірін арнау осындай мейірлі жандардың ғана қолынан келсе керек.